Елбасы қоры «Асыл мұра» фотобайқауын жариялайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Байқауға жасы 18-бен 35-ке дейінгі еліміздің кәсіпқой және әуесқой фотографтары қатыса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қорының аталған шығармашылық байқауды ұйымдастырудағы мақсаты - патриотизмді нығайтуға, Қазақстанның жаңа көркем бейнелері мен оның тұлғаларын және елорданың  көрікті жерлерін қалыптастыруға ықпал ету.   

Фотобайқау «Сәулет», «Тұлғалар», «Күнделікті өмірдегі оқиғалар», «Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлері» және «Астана» номинациялары бойынша өткізіледі.

«Біз жыл сайын ондаған тақырыптық байқау, шығармашылық фестивальдар мен жастарға арналған білім беру гранттарын ұйымдастырамыз. «Асыл мұра» фотобайқауы біздің еліміздің мәдениеті мен дәстүрін, сәулет өнері мен отандастарымыздың күнделікті тіршілігін  баяндайтын көркемдік шығармашылық жаңа жоба. Байқау нәтижесінде үздік деп танылған жұмыстар еліміз бен шетелде өтетін түрлі шараларда көрсетілетін болады», - деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қорының жобалау кеңсесінің жетекшісі Зәуре Түрікменбаева.

Конкурс жұмыстарын беру мерзімі 2018 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғаспақ.

Сондай-ақ, фотожұмыстардың тақырыбы конкурста белгіленген тақырыпқа толықтай сәйкес келуі тиіс. Байқаудың шарты бойынша бір қатысушы үш жұмыстан артық жібермеуі тиіс, бірақ, автор екі номинация бойынша қатысуға құқылы.

«Асыл мұра» байқауының жеңімпаздарына әр номинация бойынша 350 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі. Байқау нәтижесін қорытындылау 2018 жылғы қазан айында өтпек.

«Асыл мұра» фотобайқауына қатысу үшін тапсырысты Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры мекенжайы бойынша жолдау қажет, сондай-ақ [email protected] электрондық поштаға да жіберуге болады. 

Соңғы жаңалықтар