Елбасының қолынан мемлекеттік награда алған полицей тарихи кездесуді еске алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Бостандық ауданының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Елдос Абдрахимов 2015 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында сол кездегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен болатын. Бүгін полиция капитаны сол кездесу туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция капитаны аса ауыр қылмысты әшкерелеуге үлес қосқан. Осы ерлігі үшін ол 2 дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

«Кешкі 9 шамасында Желтоқсан-Шевченко көшелерінің қиылысында күдікті Toyota Camry көлігі анықталды. Жүргізуші бір бағыттағы көшеде қарама-қарсы жүйткіп келе жатты. Тоқта деген бұйрыққа бет бұрмады. Полициядан қаша бастады. Аз уақыттан соң Toyota Пушкин көшесіндегі ауладан табылды. Жүргізуші мен екі жолаушы жаяу қаша бастады. Алайда, олар көп ұзамай ұсталды», - дейді Елдос Абдрахимов.

Қылмыскерлер кәсіпкерді ұрлап кетіп, ақша бопсаламақ болған.

Салоннан көкала қойдай болып әбден таяқ жеген ер адам табылды. Қылмыскерлер туыстарынан 1 млн доллар ақша талап етіп үлгерген.

Жапа шеккен азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне табысталып үлгерді.

«Осы қызметім үшін мен Мемлекет басшысының қолынан 2 дәрежелі «Айбын» орденін алдым. Маған 5 күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласына барасың деді. Сол уақыттан бері кеудемді мақтаныш пен толқу кернеді. Бәрінен бұрын ата-анам, балаларым мені қатты мақтаныш тұтты. Мен үшін ол кісінің қолын алып, марапат алғаным - үлкен мәртебе», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар