Елімізде Батыр Баян атындағы шекара заставасы болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасының атауы «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» деп қайта аталуы мүмкін. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутатының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасының атауын «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» деп қайта атау туралы депутаттық сауалыңыз тиісті мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықталып, мынаны хабарлаймыз. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ономастика саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Сіздің ұсынысыңызды қолдайтынын білдірді», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, осы ұсынысты жүзеге асыру мақсатында алдағы уақытта тиісті құжаттар әзірленіп, ҚР Президенті Әкімшілігіне және ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады.

«Аталған мәселе бойынша оң қорытынды алынған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі қабылданатын болады. Сонымен қатар, ел тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлғаларымыздың бірі Батыр Баянның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында, республика бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылған. Мәселен, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында батырымыздың есімі берілген көшелердің бар екенін қосымша атап өтеміз», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар