Елімізде бір адам айына 1,5 келі қант тұтынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар тәттіге құмар. Орташа есеппен алғанда елімізде бір адам айына 1,5 келі қант тұтынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дегенмен, energyprom.kz порталының мәліметінше, елімізде тәтті өнімдерді тұтыну осы жылы біршама төмендеген. Мәселен, 2022 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққанда орташа есеппен 10,3 келі қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнімдер тұтынылған. Бұл 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,3 пайызға төмен. Есепті кезеңде бір адам 4,5 келі қант пайдаланған. Ал бұл көрсеткіш өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда 7,2 пайызға жоғары. Сонымен қатар қазақстандықтардың балмұздақ (1-тоқсанда жан басына шаққанда 275 граммға дейін, өсім 2,6 пайыз) пен шоколадқа (223 грамға дейін, 0,5 пайыз) құмары артқаны байқалады.

Елімізде шақпақ қант тұтыну көлемі 27,6 пайызға дейін қысқарған. Мұнан бөлек, елімізде тосап, джем, балл, конфет, глазурленген шоколад және басқа да тәттілерді тұтыну көлемі азайып келеді.

Осы жылдың 1-тоқсанында Қазақстанның өңірлері арасында қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнімдер ең көп тұтыну Алматы (халықтың жан басына шаққанда орташа есеппен 12,46 келі) мен Түркістан (11,28 келі) облыстарында, сонымен қатар Алматы қаласында (11,27 келі) тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Шымкент қаласында (6,9 келі), Атырау (7,95 келі) және Шығыс Қазақстан (8,52 келі) облыстарында байқалады.

Айта кетерлігі, елімізде қант төңірегіндегі дүрбелең жалғасып жатыр. Өнім тапшылығы қантқа тәуелді кондитерлік кәсіпорындарға қазірдің өзінде ауыр тиіп отыр. Айталық, «Хабар-24» телеарнасының хабарлауынша, Орал кондитерлері маусым айының басында қант тапшылығына және бағасының қымбаттауына байланысты өнімдерін қымбаттатуға мәжбүр болған. Еліміздегі ең ірі кондитерлік фабрика «Лотте Рахат» АҚ-та дайындау барысында қосылатын қант үлесі кейбір тәтілерді шығаруын тоқтатқанын мәлімдеген еді.

Алайда өткен айдың соңында Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев елімізде қант қоры жеткілікті, шамамен 67 мың тонна қант бар екендігін айтқан болатын .

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, еліміздің қалаларында қанттың орташа бағасы 1 келісіне 439 теңгені құрайды. Бұл ретте ең қымбат қант Алматы (463 теңге), Қарағанды (461) және Атырау (460) қалаларында саудалануда. Ал қанттың арзан бағасы Ақтөбе (378 теңге), Ақтау (397) және Петропавл (401) қалаларында тіркелген.


Соңғы жаңалықтар