Елімізде денсаулығына мұқият қарайтын пациенттер байқауы жалғасуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміз өңірлерінде денсаулығына мұқият қарайтын ең үздік пациентті таңдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Кардиология және ішкі аурулар» Ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл шара ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өтуде.

«Қостанай қаласы мен аудандарының емханаларында конкурс 3 кезеңмен өтті. Бірінші кезеңде пациенттер үздіксіз келіп қаралу, денсаулығында оң нәтиженің болуы сияқты талаптар бойынша таңдалды. Екінші кезеңде әділқазы мүшелері науқастардың зерттелуге тұрақты түрде келіп отыруына, артериялық қан қысымы – 140/90 болуына, зиянды әдеттерінің болмауына қарады. Үшінші кезеңде әділқазылар ауруларды басқару бойынша теориялық және практикалық дағдыларға баға берді», - делінген баспасөз хабарламасында.

«Визит карточкасы» конкурстық тапсырманы орындау барысында әр қатысушы өзін таныстырып, өмірлік ұстанымы туралы, денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қолданатынын айтып береді.

«Мысалы, Қостанай қалалық ауруханасында аса белсенді пациенттер анықталды. Олар оқуға, емделуге позитивті икемделген, сондықтан да өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Сондай-ақ, Шымкент қаласының емханалары конкурсқа белсенді түрде қатысты. Емханалар арасындағы жеңімпаздар конкурстың қалалық кезеңінде өзара жарысады. Ең үздігі республикалық конкурсқа қатысатын болады», - дейді мамандар.

Конкурс Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында, Бурлинск, Қазталов, Жаңғалы аудандарында және Солтүстік Қазақстан облысының М.Жұмабаев және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарының медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында өтті. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталған конкурстың аудандық, қалалық деңгейдегі кезеңі қалай өткені туралы жазған болатынбыз.

«Ауруларды басқару бағдарламасының ең үздік пациенті» республикалық конкурсы Қазақстанда 2019 жылдың қараша айының басында басталды. Қорытындысы биылғы желтоқсан айында шығарылмақ.

Соңғы жаңалықтар