Елімізде электронды ПИК жүйесі қалай іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев электронды ПИК жүйесі қалай іске қосылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электронды ПИК екі бағыттан тұрады. Біріншіден, «ҚР Тұрғын үй мәселелесі бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша біз «Е-шаңырақ» ақпараттық бағдарламасын әзірледік. Ол жоба пайдалануға 100 пайыз дайын. Біз оны алдағы уақытта жүзеге асырамыз. Екіншіден, бұл ақпараттық бағдарламаның стандарттары бар. Көппәтерлі үйлерде тұратын халыққа қызмет көрсетуші сервистік компаниялардың көп екенін білесіздер. Олардың ортасына килігіп, бәсекелі ортаның заңын бұзғымыз келмейді. Алайда біз ол компанияларға бұл стандартты қызметтерді ақпараттық тұрғыда қолжетімді етіп көрсетуін талап етеміз. Яғни, адамдар «Е-шаңырақ» порталы арқылы жауапты компанияның нақты қандай қызметке қанша ақша жұмсап жатқанын білуі керек. Ол ақпарат жауапты мемлекеттік органдарға да қолжетімді болады», - деді Қайырбек Өскенбаев «ҚР Тұрғын үй мәселелесі бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған Сенаттағы отырыстан кейін тілшілерге берген жауабында.

Вице-министрдің айтуынша, бұл жүйе жауапты инспекцияның жұмысын жеңілдетеді. Бір көппәтерлі үйде тұратын 10 адамнан шағым түссе, ортақ порталда қызыл белгі жанып, компаниядан бұл кемшіліктерді жою талап етіледі.

«Бірыңғай бақылау көмегімен тұрғындардың барлығына сапалы қызмет көрсеткіміз келеді. Осы электронды форматты стандарт түрінде іске қостық. Әрбір компания осы порталмен жұмыс жүргізуге міндетті. «ҚР Тұрғын үй мәселелесі бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданғаннан кейін портал бірден жұмысын бастайды», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін «ҚР Тұрғын үй мәселелесі бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент Сенатының екінші оқылымына жолданды.

Соңғы жаңалықтар