Елімізде коронавирусқа қатысты ахуал барынша жеңіл өтіп жатыр - Абай Байгенжин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстандағы коронавирустың таралуына қатысты ойымен бөлісті.

- Абай Қабатайұлы, Қазақстандағы коронавирус төңірегіндегі ахуалға қандай баға берер едіңіз? Сыни сәттен өттік деп ойлайсыз ба?

- Коронавирус инфекциясы алғашқы жағдайының Қазақстан аумағында кеш тіркелуі және Денсаулық сақтау министрлігі, жалпы Үкімет тарапынан карантин енгізу бойынша лайықты шаралардың дер уақытында қабылдануының арқасында елімізде коронавирусқа қатысты ахуал барынша жеңіл режимде өтіп жатыр деп айтуға болады. Егер біздің статистикамызға көз жүгіртер болсақ, онда індет жұқтыру деңгейі вируспен алғаш рет бетпе-бет келген өзге елдерге қарағанда әлдеқайда төмен екенін байқауға болады. Олар - Қытай (Ухань), АҚШ, Оңтүстік Еуропа. Сыни сәт өтті деп нақты айта аламын. Ал қазіргі кезеңдегі коронавирустың таралуы - бұл инфекцияның жергілікті жерлерде таралуының салдары.

- Кейбір адамдар, оның ішінде дәрігерлер де өзге аурулардан өлім-жітім деңгейінің әлдеқайда жоғары екенін дәйек ретінде алға тартып, коронавирустан қорықпауға шақырып жүр. Осы орайда сіздің пікіріңіз қандай?

- Мұндай сөздерді менің әріптестерім айтқанына сенімді емеспін. Өзгелер сияқты емес, дәрігерлер Covid-19 қаншалықты қатерлі әрі айтқан сөздерінің қаншалықты салмақты екенін жақсы біледі. Бір ауыз сөз емдейді де, өлім-жітімге де алып келеді. Дегенмен, өзге кейбір ауруларда коронавирусқа қарағанда өлім-жітімнің жоғары екені белгілі факт.

Жүрек-қан тамыры, онкологиялық аурулар бүгінгі күні жұқпалы аурулар санатына жатпайды. Қазір біз коронавирус инфекциясының қысқа ғана уақыттың ішінде халықтың басым бөлігіне өте жылдам жұғатынын және белгілі бір тәуекелі бар, оның ішінде жүрек-қан тамыры ауруларынан, тыныс алу жүйесі ауруларынан, қант диабетінен, онкологиялық аурулардан зардап шегіп жүрген адамдарда асқыну мүмкіндігі жайында сөз қозғап отырмыз. Сондықтан бұл ретте жеке-жеке қарастыру қажет.

- Денсаулық сақтау министрі коронавируспен ауырғандардың басым бөлігінде симптом болмайтынын айтқан еді. Сіздің ойыңызша, бұл сенім артуға себеп бола ала ма?

- Шынымен де, Денсаулық сақтау министрі өз сөзінде елімізде коронавируспен ауырғандардың басым бөлігі вирус симптомдарын сезінбегенін айтып жүр. Мұндай науқастардың жалпы үлесі шамамен 60 пайызды құрайды. Карантин енгізген бастапқы кезең есіңізде болар. Ол кезде елордамыз және Қазақстанның ең ірі қаласы Алматы жабылды. Сырттан келетін инфекциядан барынша қорыққан едік. Қазіргі уақытта бізде өңірлер арасында вирус таралып жатыр және де адамдар бір-бірімен өте тығыз байланыста болған кезде одан жалтара алмаймыз. Бірақ, жұқтыру көрсеткіші біршама төмен. Сондықтан біз, ел азаматтары барлық карантин ережелерін сақтаған жағдайда бұл инфекцияның таралуын біртіндеп жоя аламыз деген министрдің айтқандарын қолдаймын.

- Маска тағу мәселесі де өткір пікірталасқа түрткі болып отыр. Таза ауаға шыққан кезде маска тағудың қажеті бар ма?

- Маска режимі - бұл іс жүзіне келгенде өз денсаулығыңды сақтаудың тиімді тәсілі саналатын санаулы режимдердің бірі. Дегенмен, таза ауаға шыққан кезде егер қасыңда ешкім болмаса, онда маскасыз жүруге болады.

Жөтелгенде не болмаса түшкірген кезде инфекция сағатына 120 шақырым жылдамдықпен ұшуы, ал қалыпты тыныс алған кезде сіздің төңірегіңізде 60 сантиметрден 1 метрге дейінгі аралықта ауамен алмасуы мүмкін. Барлығы да сіздің төңірегіңіздегі желдің қаншалықты қатты соққанына байланысты. Яғни, маска тақсаңыз, ауа-тамшы арқылы вирус жұқтырып алмайтыныңызға нық сенімді боласыз. Сондықтан таза ауаға шыққанда және өзге адамдармен байланыста болмаған кезде маска тағудың қажеті жоқ. Бірақ, қолғап киюге және мүмкіндігінше бетіңді ұстамауға кеңес беремін.

- Індетті жеңу үшін халықтың басым бөлігі вируспен ауырып шығуы қажет деген пікір бар. Мұндай көзқараспен келісесіз бе?

- Бұл пікір көптеген өзге де инфекцияны бастан кешірген азаматтың тәжірибесіне сүйенген. 27 мамыр күні «Экспресс К» газетіне жазған мақаламда мұның неге негізделгенін жан-жақты ашық көрсеткен едім. Уақыт озған сайын әрбір адамда табиғи, тазартылмаған иммунитет қалыптасуы тиіс. Әрине, коронавирустың өзін қалай ұстайтынын дөп басып айту қиын. Бірақ, бұған дейін бастан өткерген инфекциялар ең дұрысы тағдырыңды сын тезіне салмау әрі ауырмау керегін көрсетіп берді. Дегенмен, бұл теорияның қаншалықты дұрыс екенін өмір көрсетеді.

- Карантин шаралары қайтадан қатаңдатылуы мүмкін бе? Өзіңіздің дәрігерлік және әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, вирустың екінші толқыны қашан болуы мүмкін екенін болжай аласыз ба?

- Мен көріпкел емеспін. Болжау - бұл да қайырсыз іс. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жайында қазақстандықтарға сан мәрте ескерткен де. Елімізде карантин бойынша шектеу шаралары біртіндеп алына бастағаннан кейін көпшілік мұны ескере бермейтін болды. Адамдар көшеге шыққанда, саябақтарда, балалар алаңында маскасыз жүргенін байқаймыз. Біз саналы түрде карантин шараларын сақтау қажеттігін түсінуіміз қажет. Сонда ғана таяу уақытта коронавирустың қайта өршуін күтпеуімізге болады. Бірақ, екінші толқынның айналып соқпайтынына ешкім де кепіл бере алмайды. Ол ауа райы өзгеріске ұшырайтын күз мезгілінде болып қалуы ықтимал. Жалпы көп жағдай өзімізге байланысты.

- Енді вакцина жайында сөз қозғасақ. Covid-19-ға қарсы вакцина әзірлеу ісімен айналысып жүрген қазақстандық ғалымдардың айтуынша, зерттеу және одан кейінгі сынақтан өткізу жұмыстары күрделі әрі ықтияттылықты қажет етеді. Сондықтан вакцина дайындау мерзіміне қатысты көңіл көншіте қоярлық уақытты айта алмай отыр. Осы орайда, вакцина адамзатқа дер уақытында көмекке келеді деп күте аламыз ба?

- Қазіргі уақытта 100-ден астам елде Covid-19-ға қарсы вакцина әзірлеу және жасау жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Әлемде барлық қажетті әлеуетпен - ғалым-вирусологтармен, зертханалық құрал-жабдықтармен, сынақ полигондарымен, қаржымен жабдықталған, дайын препараттары мен вакциналарын өзге елдер жиі сатып алатын екі ғана қуатты медициналық институт бар. Олардың бірі АҚШ-та, екіншісі Ресей Федерациясында орналасқан. Қазіргі уақытта Жапония, ҚХР, Франция сынды жетекші елдер кәсіби базасы мен қаржылық қолдауы бола тұра вакцинаны жасап шығарудың нақты мерзімін айта алмай отыр.

- Жоғарыда аталған мақалаңызда сіз коронавирустан қорғанудың ең тиімді құралы кәдімгі кір сабын екенін жазған едіңіз. Осы жайында тарқата айтып берсеңіз...

- Иә, кір сабынның бактерияларды өлтіретін ерекше қасиеті бар екені барлығына белгілі. Оның молекулаларында коронвирустың мембраналарын талқандау мүмкіндігі бар. Сабын гибридті құрылымға ие. Айталық, қолды жуу барысында барлық микроорганизмдер молекулалармен қоршалады. Ал сабын «өлтірген» барлық микробтар сумен бірге ағып кетеді. Сондықтан біз барлық уақытта да қолды тамақ ішер алдында, серуендеп келгеннен кейін және кез келген байланыс болған кезде кір сабынмен жақсылап жууға кеңес береміз.

- Індет кезінде қорғаныс құралдары жайында сөз қозғалғанда сарымсақтың, имбирьдің, тіпті алкогольдің емдік қасиеті бар екені туралы пікір өте көп болды. Сіз мұндай пікірлерге қалай қарайсыз?

- Мен барлық уақытта дәлел базасына баса назар аударамын және мұндай пікірлерге философиялық тұрғыда қараймын. Сынақтан өткен халықтық емдер де бар. Оларға да құрметпен қарайтыным рас.

- Аталған мақалаңызда вирустың шығуына қатысты түрлі нұсқалар жайында сөз қозғаған едіңіз. Ал дәл осы вирус қайдан пайда болды деп ойлайсыз?

- Иә, ғаламшарда вирустардың шығуына қатысты нұсқа өте көп. Жаңа аурулардың төрттен үші жануарлардан адамдарға берілетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Тіпті коронавирус табиғи жолмен пайда болғанына шәк келтірілмейді және көпшілік ойлап жүргендей адамның қолынан жасалуы мүмкін емес. Бастапқыда ол жарқанатта пайда болып, одан кейін ірі кесірткелердің бірі панголинге жұққан. Тыңғылықты зерттеу оның ағзасында тіршілік ететін вирустың адамның жасушасына енуге қабілетті екенін көрсетті. Ал жарқанат коронавирусы бұлай жасай алмайды. Осыған байланысты вирус понголиннің қожасынан таралуы мүмкін.

- 1 маусымнан бастап еліміздің қалалары арасында темір жол қозғалысы қайта жанданды. Оған дейін әуе қатынасы іске қосылып, блокпосттар алынған еді. Сіздің ойыңызша, дәл осы жайт вирус таралуының екінші толқынына түрткі болуы мүмкін бе?

- Меніңше, бұл шаралар вирустың өршіп кетуіне ешқандай да себеп бола алмайды. Бұл ақылға қонымды дүние болды. Адамдарға қалаларға баруға мүмкіндік беріп отырмыз. Дегенмен, адамдарда жауапкершілік болуы тиіс.

- Сұқбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар