Елімізде Сенат депутатын сайлау қалай өткізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға белгілеу туралы қаулы шығарды. Аталған қаулыға сәйкес, ҚР Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері Сенат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.

Сонымен елімізде Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезекті сайлауы бұлардың өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.

Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты, ал жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады.

Сенатты әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында екі адамнан сайланатын депутаттар құрайды. Сенат депутаттарының тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады. Сенаттың он бес депутатын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 1998 жылғы қазанға дейін 4 жыл, ал 1998 жылғы қазаннан бастап 6 жыл болды.

Жанама сайлау

ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға таңдаушылар - мәслихаттардың депутаты болып табылатын республика азаматтары қатысады. Таңдаушылар Сенат депутаттарын сайлауға тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының Сенат депутатын сайлаған кезде бiр дауысы болады.

Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) мәслихаты хатшысының ұсынуы бойынша жасайды.

Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерi танысу үшiн сайлаудан кемiнде жетi күн бұрын жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен ұсынылады, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының интернет-ресурстарына орналастырылады.

Кандидат ұсыну

Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалғаннан кейiн келесi күнi басталып, сайлау өткiзiлетiн күнге бiр ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Кандидаттар ұсыну облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астана), қалалық, аудандық мәслихаттар сессияларында жүргiзiледi. Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер өздерiнiң мәслихаттардағы өкiлдері арқылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатуралар ұсынады. Бұл ретте бiрнеше мәслихаттан бір кандидат ұсынылуы мүмкiн. Өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен де жүргiзiледi.

Сенат депутаттығына кандидат болып тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының аумағында тұратын азамат ұсыныла алады. Сенат депутаттығына кандидат етiп ұсыну жөнiндегi шешiм тиiстi мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады және бұл шешiм ұсынылған кандидатқа жеткiзiледi; кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтінiшiмен бiрге тиiстi облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен республика астанасының сайлау комиссиясына жiберiледi.

Ал Сенат депутаттығына кандидаттардың өзiн-өзi ұсынуы азаматтардың тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына осы әкiмшiлiк аумақтық бөлiнiс бойынша өзiнiң Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниетi жайында өтiнiш беру арқылы жүргiзiледi. Облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы үш күн iшiнде кандидаттың Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестiгiн анықтайды және оның ұсынылуы туралы құжаттар негiзiнде оған таңдаушылардың қолдарын жинау үшiн қол қою парақтарын бередi.

Кандидаттарды тiркеу мерзiмi аяқталған күнi Сенаттың депутаттығына екiден кем кандидат тiркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.

Кандидат сенім білдірген адам

Сенат депутаттығына кандидаттың әрбiр ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқығы бар. Кандидат, саяси партия сенiм бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенiм бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтінішін табыс етедi.

Сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi. Сенiм білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол Сенат депутатын сайлау кезiнде мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттiк қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.

Сенім білдірілген адамдар Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады және кандидаттың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның өздеріне жазбаша нысанда берген өкілеттігі шегінде әрекет етеді.

Сенім білдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн өз ұйғарымымен, кандидаттың және партиялық тізiмiн ұсынған саяси партияның шешiмiмен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тiзімдi тіркеудiң күшi жойылған, осы Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесiнен айырылады.

Сенатор сайлау

Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру бiр күннiң iшiнде өткiзiледi. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиясы анықтайды. Сенат депутаттарын сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған пункттердi аша бастауға тиiс.

Парламент Сенаты депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады. Дауыстарды санау әрбiр кандидат, әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi.

Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады.

Сенат депутаттарын сайлау таңдаушылардың бiрлескен отырысында жүргiзiледi. Егер бiрлескен отырысқа тиiсiнше облыстың барлық мәслихаттарынан, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының мәслихатынан өкiл болатын сайланған депутаттар санының елу проценттен астамы қатысса, ол заңды болады.

Егер Сенат депутатын сайлау жөнiндегi отырыста болған таңдаушылардың елу процентiнен астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлген болып есептеледi. Таңдаушылардың бiрлескен отырысына тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен республика астанасы) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қатысады.

Бiрлескен отырыс өткiзiлетiн жерде тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы Сенат депутатын сайлау жөнiндегi дауыс беру пунктiн ұйымдастырады.

Бiрлескен отырыс тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының төрағасы Сенат депутатын сайлау жөнiндегi дауыс беру нәтижелерiн жариялағаннан кейiн жабылады.

Сенат депутаттарын тiркеу

Орталық сайлау комиссиясы тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде Сенаттың сайланған депутаттарын тiркейдi.

Орталық сайлау комиссиясы тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының ұсынысы немесе таңдаушылардың арыздары бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алған болса, Сенат депутаты сайлауын жарамсыз деп табуы және Сенат депутатын тiркеуден бас тартуы мүмкiн.

Бұл ретте Сенат депутаттығына кандидат Орталық сайлау комиссиясының осы шешiмiне қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде Жоғарғы Сотқа шағым жасай алады, ол он күн мерзiмде түпкілікті шешiм қабылдайды.


Соңғы жаңалықтар