Елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңартылатын энергетика көздері - инвестициялық тартымдылығы жоғары салалардың бірі болып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеге сәйкес, баламалы энергия көздерін дамыту - бұл инвестицияларды тарту және экологияны жақсарту бойынша маңызды тренд саналады. Соңғы 10 жылда жаңартылатын энергия көздерінің әлемдік қуаты 4 есе 414-тен 1 650 ГВт-ға дейін ұлғайды. Ал осы кезеңдегі жаһандық инвестициялар 2,6 трлн долларға жететін болады. Қазақстанда осы жылдың соңына қарай қуаты 1 042 Мвт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 82 нысаны жұмыс істейді. Инвестиция көлемі 406 млрд теңгені құрады. Біз әлемдік қауымдастықпен бірге қадам жасауымыз керек», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, жаңартылатын энергетика көздері – инвестициялық тартымдылығы жоғары салалардың бірі болып саналады. Осыған орай еліміз белгілеген қуаты шамамен 3000 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын сату үшін халықаралық аукциондық сауда-саттық өткізген. Оған әлемнің 12 елінен 138 компания қатысты.

«Энергетика, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері мен «KEGOC» компаниясы назар аударуы тиіс бірқатар мәселені атап өткім келеді. Қазіргі таңда жел және күн электр энергиясының бағасы төмендеуде. Жаңартылатын энергия көздерінің дамуын ынталандыру және олардың тиімді қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын. Жалпы жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру кезінде инвестиция тартымдылығын арттыру үшін Энергетика министрлігіне халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар