Елімізде жыл басынан бері 200-ге жуық бала жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жол-көлік оқиғаларының 96%-ы көлік жүргізушісінің кінәсінен болады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова айтты.

«Жол-көлік оқиғаларының 96%-ы көлік жүргізушісінің кінәсінен болады. Дегенмен, оның ішіне жаяу жүргіншілер: балалар да, ересектер де кіреді. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 5476 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 580 адам қаза тауып, 5000 адам әртүрлі дене жарақатын алған», - дейді Ақтоты Боранова.

Оның айтуынша, 3000-ға жуық жол оқиғасы кезінде балалар жапа шеккен.

«Жол-көлік апаты салдарынан 200-ге жуық бала қаза тауып, 3500-ге жуық бала әртүрлі дене жарақатын алған. Осындай жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ІІМ жүйелі түрде жұмыс атқарады», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол жол-көлік оқиғаларының алдын алу мектеп табалдырығынан басталатынын айтты.

«Полиция қызметкерлері мектептегі жасөспірімдермен жол ережелеріне қатысты ойын түрінде, жарыс түрінде әртүрлі шаралар өткізеді. Ең бастысы - ата-ана мен қоғам болып жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бала сіздің айтқаныңызды емес, істегеніңізді істейді. Сондықтан жолаушылар жолағына жетпестен жолды кесіп өтпей, ереже сақтауды өзіңізден бастаңыз»,- дейді Ақтоты Боранова.

Еске сала кетсек, бұған дейін ДДСҰ тұрақты өкілі Олег Честнов әлем бойынша жыл сайын 1,5 млн адам жол-көлік апатынан мерт болатыны туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сонымен қатар, Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Марат Тұяқбаев елімізде тәуелсіздік алғалы 83 мың адам жол-көлік оқиғасынан қаза тапқаны туралы айтты.

Соңғы жаңалықтар