Еліміздің көмір өнеркәсібі саласына инновациялық жобалар енгізілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің көмір өнеркәсібі саласында бірқатар инновациялық жобалар енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда көмір өнеркәсібінің барлық негізгі сегменті бар, әсіресе, энергетикалық көмірді өндіру мен пайдалану ерекше дамыған. Көмір өнеркәсібі экономиканың ірі салаларының бірі және электр энергиясын, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді. Осы орайдаа коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігі көмір арқылы қамтылған.

«Қазақстандағы көмір қоры 34 млрд тонна немесе әлемдік қордың 4 пайызы шамасында. Еліміз көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы он елдің қатарында. Көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында 2019 жылы «Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» әзірленіп, бекітілді», - делінген ҚР ИИДМ мәліметінде.

Жол картасында саланы дамытудың жүйелі шаралары, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру қарастырылған. Мысалы, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-да арнайы кокс өндіру бойынша зауыт салу, «Богатырь», «Богатырь Көмір» ЖШС-да көмірді ұсақтау, тасымалдау мен тиеудің циклдық-ағымдық технологиясына көшу сынды бастамалар қарастырылған.

Халықаралық сарапшылар энергетикалық нарықты дамыту бағытындағы жұмыстарында жаһандық энергия теңгеріміндегі көмір үлесінің төмендеуіне қарамастан, әлемдік нарықта отынның осы түріне деген сұраныс әлі ұзақ уақыт тұрақты болады деген пікірде.

Сонымен қатар, жол картасы аясында халықтың көмір сатып алуы бойынша цифрлық платформа енгізу қарастырылған. Жобаның орындаушысы – «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы».

Былтыр қауымдастық өкілдері цифрлық платформа арқылы көмір сату мүмкіндігін талқылаған кеңес өткізді. Жиын барысында коммуналдық-тұрмыстық көмір жеткізетін көмір өндіруші компаниялар аталған платформаны пайдалануға мүдделі екендерін білдірді. Биыл қауымдастық көмірді цифрлық тұғырнамаға шығару бойынша сынақ жұмыстарын іске асыруға ниетті.

Мұнымен қоса, жол картасы аясында»Шұбаркөл Премиум» АҚ-да көмір үлгілерін сұйық көмірсутекті отын қоспасына қайта өңдеу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізу, сондай-ақ «Богатырь Көмір» ЖШС-да электр қуатын техникалық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және басқа да инновациялық жобалар көзделген.


Соңғы жаңалықтар