Елорда дәрігерлері медициналық сақтандыру жүйесіне дайын ба

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елорда дәрігерлерінің МӘМС жүйесіне дайындығын пысықтау мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының астаналық филиалы, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» РМК және қалалық медицина ұйымдары өкілдерінің қатысуымен МӘМС жөнінде семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру - денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Бұл жүйе біздің елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады

МӘМС тренері Гүлім Ошақбайқызы Асылбекова мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина медицина қауымына МӘМС бойынша денсаулық сақтау саласында болатын өзгерістерге нақты тоқтала отырып, ішкі бағыттары бойынша тереңірек түсіндіре келе, жиналғандардың сауалдарына жауап берді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2019 жылдың 20 маусымында № 420 және № 421 Қаулысымен алдағы жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (ТМККК және МӘМС) бойынша көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті. МӘМС жүйесі іске қосылатын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елорда тұрғындарына осы екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек көрсетіледі.

Біріншісі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген (ТМККК) пакеті. ТМККК пакеті бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек азаматтардың бәріне (сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан), тегін көрсетіледі.

ТМККК пакетіне сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, елдің барлық тұрғындарына қолжетімді қызметтер:

- жедел жәрдем және санитарлық авиация;

- бастапқы медициналық-санитарлық көмек;

- шұғыл стационарлық көмек;

- паллиативтік көмек. енгізілген.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар және негізгі созылмалы (25) аурулар кезінде көрсетілетін медициналық қызмет:

- консультациялық-диагностикалық көмек;

- амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

- стационарды алмастыратын көмек;

- жоспарлы стационарлық көмек;

- туберкулезге шалдыққандарды медициналық оңалту.

Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті.

МӘМС пакетіндегі сақтандырылған азаматтарға арналған медициналық қызметтер:

- консультациялық-диагностикалық көмек;

- бағасы қымбат тұратын диагностикалық (КТ, МРТ, ПТР, ИФТ) және зертханалық қызметтер;

- ТМККК пакетіне енбеген сырқаттарды амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

- ТМККК пакетіне кірмейтін сырқаттарға стационарды алмастыратын көмек көрсету;

- ТМККК пакетіне кірмейтін сырқаттарға жоспарлы стационарлық көмек көрсету;

- медициналық оңалту және қалпына келтіру емі (туберкулезбен ауыратын науқастарды медициналық оңалту шараларын қоспағанда).

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы – жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлеп, қажетіне қарай медициналық қызмет көрсетілетіндігінде. Яғни, МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымнан қажеттілігіңізге қарай, сырқатыңызды қанша уақыт емдеу керек болса, сонша медициналық көмек алуға құқылысыз, бірақ алатын медициналық көмек көлемі дәрігердің тағайындауына байланысты. МӘМС пакетіне кіретін қызметтер толық көрсетіледі және қосымша ақы төлеуді қажет етпейді.

Қазіргі таңда елордамыздағы емдеу мекемелерімен қатар, тұрғындар арасында, сондай-ақ жұмыс беруші ұйымдар арасында ақпараттық түсіндіру іс-шаралары да жалғасуда. Бұдан бөлек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімі әр аптаның дүйсенбі күндері ХҚКО-да, жұма күндері «Нұр-Отан» партиясы» қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалында ақпарат-кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, Медициналық сақтандыру қоры өз байланысын іске қосты. Енді 1406 нөмірі арқылы медициналық сақтандыруға қатысты кез келген сұраққа жауап алуға болады.

Біз сөзбен айтқанда, еліміздегі, елордамыздағы емдеу мекемелері медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс жүргізуге жұмылдырылуда. Екі күнге жоспарланған аталмыш семинар ертең де жалғасады.

Соңғы жаңалықтар