Елорда көшелерінде жүрген автобустар кімдерді тасымалдайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада карантиндік шаралардың күшейтілуіне байланысты 13 сәуірге дейін қоғамдық көлік жүрмейді. Дегенмен, қала көшелерінде бағдар бойынша қатынап жүрген автобустарды анда-санда байқап қалуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған орай «City Transportation Systems» көлік компаниясынан хабарласқан едік. Компания баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, қазіргі жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көліктері ең бірінші кезекте қаланың тыныс-тіршілігіне жұмылдырылған мамандарды тасымалдауға бағытталып отыр.

«Бүгінгі күні экономиканың тұрақты жұмысын қамтасыз ету, азаматтарды әлеуметтік қорғау үшін маңызды салаларға қолдау көрсету - біздің ортақ міндетіміз. «City Transportation Systems» көлік компаниясы 30 наурыздан бері елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін медицина қызметкерлерін, полицейлерді және өзге де қызметкерлерді арнайы бағдармен тегін тасымалдауды қамтамасыз етіп отыр«, - деді аталған компаниядан.

Қазіргі уақытта «City Transportation Systems» көлік компаниясы елорданың 57 ұйымының 6 мыңнан астам қызметкерін тегін тасымалдайды. Олардың қатарында қалалық, аудандық әкімдіктердің, 35 медициналық ұйымның, қалалық, аудандық полиция департаменттерінің, Қазынашылық кәсіпорнының, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының, Жұмыспен қамту, Дағдарыс орталықтарының, бірқатар құрылыс компаниясының қызметкерлері мен жұмысшылары бар.


Соңғы жаңалықтар