21:40, 31 Тамыз 2018 | GMT +6
Елорда оқушылары үшін автобустарда жаңа тариф енгізу күні ұзартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқушыларға қоғамдық көліктерде жүру ақысын қолма-қол 40 теңгеден төлеу 15 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Мұндай шешім әкімдікте ата-аналардың көптеген өтініштері бойынша барлық оқушылар жеке көлік картасын алып үлгермеулеріне байланысты жасалды, - деп хабарлайды әкімдік.
Мектеп оқушылары үшін жол ақысын көлік картасымен немесе қолма-қол ақшалай төлесе де 15 қыркүйекке дейін қалалық маршруттарда 40 теңге, ал экспресс-маршруттарда 90 теңгеден болатынын Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы да растады.
Бұған дейін 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктерде мектеп оқушылары үшін жаңа тариф енгізілетіні айтылған болатын.