Елорда полицейлері «102» мобильді қосымшасы арқылы 1 мыңнан астам өтініш қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпан айында іске қосылған «102» мобильді қосымшасы арқылы полиция операторлары мыңнан астам өтінішті қабылдады. Бұл туралы елордалық полиция департаменті жедел басқару орталығы басқармасының басшысы Қайрат Раушанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын құру тапсырмасын орындау аясында 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап елордалық полиция департаментінің жедел басқару орталығында «азаматтардың хабарламаларын қабылдау процесінің бірізділігі» жобасы жұмыс істей бастады. Қала тұрғындары мен қонақтары «102» жедел полиция шақыру каналынан бөлек, «POLICE102» мобильді қосымшасы арқылы полицияға хабарласа алады. Бұл жүйе азаматқа ыңғайлы кез келген тәсілмен (қоңырау шалу, аудио, бейнеқоңырау, мәтіндік мессенджер арқылы) қылмыс немесе құқықбұзушылық туралы ақпаратты жедел басқару орталығының операторына тікелей хабарлауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қайрат Раушанов.

Оның айтуынша, аталған жүйе операторға абоненттің геолокациясын және онда болып жатқан барлық оқиғаларды тікелей көруге мүмкіндік береді.

«POLICE102» мобильді қосымшасын АРP store және Play Market жүйелерінен тегін жүктеуге болады.

Ол үшін азаматтар жеке деректерін тіркеп, оларды қолжетімді тәсілдермен растауы қажет, содан кейін ЖБО операторына бейне және аудиожазбаларды, фото немесе бейнематериалдарды және мәтіндік форматта өтініштер мен шағымдарды жібере алады.

Сондай-ақ, азаматтар осы мобильді қосымшаның және интернет-порталдың көмегімен полиция қызметінің бағыты бойынша өздерін қызықтырған көптеген сұрақтарға өз бетінше жауап таба алады, бұл жедел орталықтардың операторларына жүктемені азайтады.

«Аталған санаттағы өтініштерді дереу қабылдап, пысықтау үшін жедел басқару орталығында және полиция департаментінің кезекші бөлімдерінде қосымша автоматтандырылған жұмыс орындары құрылды. Жоба жұмыс істей бастағаннан бері полиция операторлары 1109 өтінішті қабылдады, оның ішінде 132 бейне қоңырау және 977 мәтіндік хабарлама бар. Бүгінде ішкі істер органдары өз қызметінде заманауи технологияларды барынша пайдаланады, ал азаматтардың мүдделерін қорғау және қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың санын азайту бұрынғыдай басты назарда»,- деп атап өтті Қайрат Раушанов.


Соңғы жаңалықтар