Елорда тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындары қандай – фоторепортаж

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде елорда күні аталып өтіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы бірегей сәулетімен, зәулім ғимараттарымен, кең даңғылдарымен, көк желекке оранған гүлзарлары мен саябақтармен танымал болып келеді. Ал осы орайда елорда тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындары қандай? Бұл сауалға ҚазАқпарат тілшісі арнайы фоторепортаж барысында жауап беруге тырысады.


Сән салонының директоры, Мәскеуден келген Дина: Елордада «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығына барғанды жақсы көремін. Мұнан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ғимараты ұнайды, өте әдемі. «Астана Опера» опера және балет театры да көңіліме жақын. Өздеріңіз де білесіздер, бұл ғимараттар бір-біріне ұқсамайды. Олар Қазақстан мәдениетін паш етеді. Себебі елорда салына бастаған сәттен-ақ дәл осындай мақсат болған. Елордамыз әлемнің өзге астаналарынан ерекше. Жоғарыда атап өткен ғимараттардан бөлек, мен үшін «Astana Marriott Hotel» қонақүйі әсем ғимарат. Қазіргі уақытта «Hilton Astana» қонақүйінде тұрып жатырмын. Ол да өзіндік ерекшелігі бар ғимарат. Жалпы, бұл жердің адамдары өте қайырымды.


Австралиядан келген саяхатшы Фернандо: Маған «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы ұнайды, өте жақсы ғимарат. Бұл - әлемдегі ең үлкен шатырлардың бірі. Шатыр түріндегі құрылымы қызықты. Достарым барлық уақытта да осы ғимаратқа баруыма кеңес берген еді. Ішінде сауда дүкендері де өте көп. Мен осы жерде жұмыс істеп жатырмын және елорданың көптеген ғимаратына тамсана қараймын.


Елорда қонағы Дана: «MegaSilkWay» сауда, ойын-сауық орталығына баруды жақсы көремін. Ғимарат өте үлкен әрі әдемі, қуаты сезіліп тұрады. Мен Ақтаудан келдім. Дегенмен бұрынырақ елордада тұрған едім. Осы жерге келген сайын қаладағы сүйікті орындарыма баруға тырысамын.


Мүсірәлиевтер отбасы: Бізге де «MegaSilkWay» сауда, ойын-сауық орталығы қатты ұнайды. Бұл жерге балаларыңды алып келіп, тиімді сауда-саттық жасауға болады. Азық-түлік супермаркеті де бар, тамақтануға да қолайлы.


Лондоннан келген бизнесмен Пол: Елорданың сәулеті таңданысымды тудырады. Мәселен, «Нұр Әлем» сфера-павильоны бірлік шары дегенді білдіреді. Шынымен де бүгінде қалада түрлі өзгерістер орын алып, сәулеті айшықтала түсуде. Нұр-Сұлтан түрленіп келеді. Қазақстанда адамдар өте қамқор әрі мейірімді.


Елорда тұрғындары Лаура мен Бекжан: Біз «ЭКСПО» іскерлік орталығына баруды өте жақсы көреміз. Бұл жерде шынымен қапталған бірегей ғимараттар өте көп. Жолдасым екеуіміз елордада ұзақ уақыттан бері тұрып келеміз. Осы жерде оқыдық, енді ІТ бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Біз үшін елорданың әрбір түкпірі сүйікті орын.

Елорда тұрғыны Жансая: Елордада «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығына, «Бәйтерек» монументіне баруды жақсы көремін. «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде тұрамыз. Бұл үйдің елорда орталығында салынғаны ұнайды, барлығы қолжетімді жерде орналасқан.


«Астана - Жасыл құрылыс» ЖШС-нің көгалдандыру жөніндегі жұмысшысы, елорда тұрғыны Юлия: Туып-өскен жерім - Көкшетау. Маған елордадағы барлық ғимараттар, оның ішінде Сулы-жасыл желек бульвары ұнайды. «Жетісу» саябағын да ерекше атап өтер едім. Бұл - елордадағы ең әдемі жер. Аналар балаларымен бірге ол жерде көңілді уақыт өткізе алады.


Елорда тұрғыны Данияр: Ең алдымен, Ақорда ғимараты ұнайды. Біздің арманымыз! Қаншама жылдардан кейін біз сол арманымызға қол жеткізіп отырмыз. Бұл - символдық мәні зор ғимарат. Әрине, Бәйтерек те ұнайды. Жалпы, Нұр-Сұлтан сәулеті замаманауи стильде салынған.


Соңғы жаңалықтар