Елорда тұрғындарының үздік идеялары үшін дауыс беретін соңғы күн өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда тұрғындардың үздік идеялары үшін дауыс беретін соңғы күн өтіп жатыр. Елордада Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша Birge алаңы іске қосылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бұл қала тұрғындарымен бірлесіп елорданы дамытуға мүмкіндік береді. Мұнда елордалықтар қызығушылық тудыратын тақырыпта өз идеяларын ұсына алады. Ұсыныстар жиналғаннан кейін онлайн-дауыс беру ашылады.

Қазіргі уақытта қала тұрғыны — Д.Нығымановтың идеясы көш бастап тұр. Ол қоғамдық көлікте ақы төлеу, стипендияны толықтыру, университетке кіру, мекемелерде жеңілдіктер беру және т.б. үшін бірыңғай студенттік карта жасауды ұсынады.

Ұсынылған идеяларға сәйкес қала тұрғындары арасында ең танымал бағыттар іріктелді: урбанистика, қоғамдық кеңістіктер құру, экология, көлік және мәдениет. Қала тұрғындары модерация кезеңдері туралы жиі сұрақ қояды. Айта кету керек, идея түскен кезде бастама тиісті органның қарауына жіберіледі. Егжей-тегжейлі зерттеуден кейін жеке кабинетте идеяның мәртебесі көрсетіледі. Ал сарапшылардың іріктеуінен өткен жағдайда ұсыныс онлайн-дауыс беру кезеңіне жіберіледі.

19.04.2021 ж. онлайн-дауыс беру нәтижесі бойынша қала тұрғындарының ТОП-танымал идеялары анықталды: бірыңғай студенттік картаны енгізу; қоқысты бөлек жинау; интернет-дүкен; Күйші Дина атындағы гүлбақ орнату; балалар арбаларының, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, велосипедшілердің және өзгелердің кедергісіз өту мүмкіндігі үшін жиектастарды жаңарту; жаяу жүргіншілер жолдарын жарықтандыру; қолдауды қажет ететін отбасылар тізімі; көгалдандыру және т.б.

Идеялардың бәрін сарапшылар қарастырады, ал ең жақсылары жүзеге асырылады.

Идея модерацияның үш кезеңінен өтеді: 1) ұсыныс 2) дауыс беру 3) іске асыру.

Бүгінгі күні тұрғындар 280-нен астам бастаманы ұсынды, олар тиісті органдармен бірлесіп егжей-тегжейлі зерделенді. Қазіргі уақытта онлайн-дауыс беру үшін қала тұрғындарының 30 креативті идеясы ұсынылды. Әр категорияда өзіңіз қолдайтын идеяны таңдай аласыз.

Дауыстарды қабылдау 2021 жылдың 20 сәуіріне дейін мына сілтеме бойынша ашық: https://birge-elorda.kz/nur-sultan/. Онлайн-дауыс беру қорытындылары туралы осы жылдың 20 сәуірінде арнайы хабарланатын болады.

Сондай-ақ, жақын арада онлайн-дауыс беру үшін қала тұрғындарының тағы 30-ға жуық идеясы ұсынылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, елорда «Нұр-Сұлтан — жайлы қала» мастер-жоспарының тұжырымдамасы аясында дамып келеді.

Байланыс: 55 73 61. E-mail: digital@astana kz

Соңғы жаңалықтар