Елорда волонтерлері қарттардың ауладағы қарын күреп, отынын жарып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел астанасында егемендіктің 30 жылдығы аясында «30 игі іс» бастамасы жалғасуда. Бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Астана жастары» мекемесі мен волонтерлер мұқтаж зейнеткерлердің ауласын қардан тазартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, жиналған бір топ қала тұрғыны қарт кісілердің ауладағы қарын шығарып, отынын жарып берді.

«Жасым 77-де. Атамыз 82-ге келді. Шаңырақ көтеріп, бірге өмір сүріп жатқанымызға 57 жыл болыпты. Ал бұл жерде тұрып жатқанымызға 40 жылдан асты. Жастардың топ болып біз сияқты қарт кісілерге көмектесіп жүргені қуантады. Былтыр да келіп, біраз шаруамызды тындырып берген еді. Биыл да жалғасып жатыр. Алғысым шексіз. Денсаулықтары мықты болсын! Бастаған әрбір істері берекелі болсын деп батамды беремін», - деп Антонина Тверитнева алғысын жаудырды.

Әжей биылғы қыс былтырғыдай қарлы болмағанын, соның нәтижесінде ауланың қарын тазалау анағұрлым жеңіл болғанын айтып өтті. Алғысы ретінде батасын беріп, кәмпит толы қабын сыйға тартты.





«Елімізге үлкенге құрмет, кішіге үлгі көрсететін өнегелі жастар керек. Қазір волонтерлеріміз мұндай игі шаралардың басы-қасында жүруді әдетке айналдырды. Қайырымдылық шарасын өткізу қажет болса, волонтерлеріміз жұдырықтай жұмылып, тап-тұйнақтай орындап шығады. Қаламызда бас-аяғы 3 мыңға тарта волонтеріміз бар. Таза ауада осылай қар шығарып, отын жару денсаулығымызға да пайдалы әрі сауапты іс. Осындай көпті көрген қарияларымызға қолғабыс етіп, батасын алғаннан артық бақыт бар ма!?» - деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.


Волонтерлер барлығы 5 отбасының ауласындағы қарын шығарып, үлкендердің алғысына бөленді. Зейнет жасындағы кісілер үшін бұл үлкен көмек болғаны белгілі.

«Мамандығым бойынша аспаз-кондитермін. Ал волонтерлікпен 2018 жылдан айналысып келемін. Осы уақыттан бері аптаның қай күні болса да қайырымдылық шараларына уақыт тауып, бір кісідей атсалысамын. Мемлекет басшысы өткен жылды Волонтер жылы деп жариялағаннан кейін бұл салаға қызығушылық танытқандар күрт артты. Әсіресе былтырдан бастап бұл бағыт ерекше қарқынмен дамып келеді. Үлкен кісілерге көмек берген сайын ерекше бір сезімге бөленемін. Ол кісілердің жүзіндегі қуанышты көріп, баталарын алғаннан кейін көмектесуге деген құлшынысым арта түседі», - деп жас волонтер Адина Амренова өз әсерімен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар