Елордада 13 күнде салынған қалалық жұқпалы аурулар орталығы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қалалық жұқпалы аурулар орталығы ашылды. Бұл жерде әзірге коронавируспен ауырған адамдар емделеді. ҚазАқпарат тілшісі аталған орталыққа барып, құрылыс жұмыстары қалай жүргізілгенін және орталықтың ерекшелігі неде екенін біліп қайтты.

«Бұл орталық инфекцияны бақылау стандарттарына сай келеді. Ең бастысы – бұл жердегі палаталардың ішіндегі ауа ешқашан дәліз жаққа шығып кетпейді. Бұл дегеніміз – медициналық қызметшілер аурудың алдын ала алады дегенді білдіреді. Екіншіден, бұл орталық екі бөлікке бөлінген. Бірінші бөлікте ауру жұқтырған науқастар жатса, екінші бөлікте тек қана дәрігерлер жүреді. Бұл да медициналық қызметшінің ауырып қалуынан сақтайды деуге болады. Бұл жерде аз орындық палаталар бар, сондай-ақ орталық қала сыртында орналасқан», - дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығының директоры Анна Цепке.


Әзірге бұл жерде коронавируспен ауырғандар емделеді.

«Болашақта жұқпалы ауруға шалдыққан кез келген адам осы жерде емделе алатын болады. Бұл жерде барлық диагоностикалық, зертханалық құрылғылармен жабдықталған, сондықтан осы жерде диагностика жасауға да, емдеуге де болады. Бұл жерде 362 медициналық қызметші жұмыс істейтін болады. Бұл жердегі медициналық қызметшілер – Нұр-Сұлтан қаласы және республикалық ұйымдардың мамандары. Коронавируспен күресте жұқпалы аурулармен айналысатын дәрігерлер ғана емес, барлық саладағы дәрігерлер күш біріктірді. Келесі аптадан бастап коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдай бастаймыз», - дейді ол.


Ол бұл орталықтағы негізгі бөлім – жансақтау бөлімі екенін айтты.

«Осы орталықта 20 орындық жансақтау бөлімі бар. Одан бөлек жұқпалы ауруларға арналған бес бөлім бар. Бұл жердегі 200 төсек-орындың 100-інде жасанды тыныс алдыру құрылғысы бар. Біздегі қабылдау бөлімінде қабылдау бокстары бар. Бұл жерде науқасқа жедел медициналық қызмет көрсетіледі. Жансақтау бөлімінде 20 төсек-орын және осынша жасанды тыныс алу құрылғысы, басқа да қажетті медициналық жабдықтар бар. Бұл жердегі дәрігерлер жұмыс істеген жерлерінде ұйықтамай, қаланың басқа бөлігіне барып демалады. Қала басшылығына, елорда әкіміне дәрігерлердің Hilton қонақ үйіне барып демалуларына мүмкіндік бергендері үшін алғыс айтамыз. Ол жерде медициналық қызметкерлерінің тынығып алуына жақсы жағдай жасалған», - дейді ол.


Мұндай орталық Қазақстанның ешбір аймағында бұрын-соңды болмаған. Алдағы уақытта Алматы мен Шымкент қалаларында салынады. Бұл орталықты BI GROUP құрылыс компаниясы салды.

«Бұл орталық темір бетонды модульді блоктардан салынды. Ғимаратты 13 күн ішінде салып бітірдік. Орталықты салу барысында 1000-ға жуық адам тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеді. Бұл жерде жобалаушылар да, құрылысшылар да үлкен еңбек етті. Медициналық қызметшілер құрылыс басталғалы қасымызда болып, қай жерде не болуы керек екені туралы кеңес беріп отырды, себебі құрылыс жұмысы мемлекеттік сатндартқа сай болуы керек болды. Бәрі олармен ақылдасып істелінді», - дейді жоба жетекшісі Айдан Нарымбаев.


Ол құрылыс басталған кезде BI GROUP компаниясының серіктестері шақырылғанын айтты.

«Бәріміз бас біріктіріп, тату жұмыс істедік. Жұмыс барысында өзгерістер көп болды және жедел шешім қабылдауға тура келіп отырды. Бірақ қандай мәселе болса да шешімі бар. Құрылыс жұмысы қысқа мерзімде аяқталғанына және жұмысшылардың көп болуына байланысты жобаның құны өзгерген жоқ. Мысалы, осы ғимаратты үш ай салғанда да құрылысшылар 13 күн ішінде салу барысында қолданатын тамақты тұтынушы еді. Сондықтан бағада айтарлықтай айырмашылық болған жоқ. Жобаның жалпы құны – 5,5 миллиард теңге. Ғимараттың кепілдік уақыты – 2 жыл. Ал жалпы құрылысқа қолданған технология біздің есептеуіміз бойынша кем дегенде 50 жылға жарамды», - дейді жоба директоры Арман Лесбаев.



Соңғы жаңалықтар