Елордада 2,4 шақырым су құбыры қайта жөнделіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 2,4 шақырымды құрайтын су құбыры желісіне қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы «Астана су арнасы» мекемесі экономикалық жоспарлау бөлімінің бас маманы Виталий Артамонов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы біздің мекеме 1 471 млн теңгені құрайтын жеке инвестиция қаражатына бірқатар жұмыс атқарды. Атап айтқанда, 883 млн теңгеге 6,3 шақырымды құрайтын су құбыры және 2,3 шақырым кәріз желісі қайта жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 231 млн теңге қаржыға ескірген 44 су сорғыш жаңасына ауыстырылып, кәріз қалдығын соратын 16 станция орнатылды. Одан бөлек, 301 млн теңгеге жаңа құрал-жабдық сатып алынды. Оның қатарында, су сүзгіш құралдары, автоматтандырылған натрий гипохлориті аппараты, деректер базасын сақтайтын серверлік құрылғы және тағы басқа», - деді Виталий Артамонов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.

Оның айтуынша, биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 449 млн теңгені құрайтын инвестиция қаражаты игерілді.

«Биыл да инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар шаруа тынып жатыр. Жыл соңына дейін қала бойынша кәріз қалдығын сорғыш 8 станцияның құрылғылары жаңаланады. Сонымен қатар бүгінде тозған және апат жағдайындағы 2,4 шақырымды құрайтын су құбыры желісіне қайта жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Одан бөлек, 250 метр кәріз желісі қайта жөнделмек», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысына бақылау жасалды.

Аталған шараға қалалық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары, қалалық мәслихат депутаты және БАҚ өкілдері қатысты.

Оның барысында «Астана су арнасына» бағынышты бірнеше нысанның жұмысы таныстырылды.


Соңғы жаңалықтар