Елордада «Ámen Animation» кинофестивалі өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «ÁMEN Animation film festival» атты анимациялық кинофестиваль өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық анимация саласына өлшеусіз үлес қосқан режиссер-аниматор Әмен Қайдаровтың атымен аталған шара Сарыарқа ойын-сауық орталығындағы KINOPARK-те ұйымдастырылған.

Шараның мақсаты – қазақ анимациясының дамуына ықпал ету және жас дарындарға қолдау көрсету. Бастама осы саладағы аға буын өкілдері тарапынан да қолдау тапқан. Фестивальдің құрметті қонағы ретінде Эрнст Бейсеитов, Галина Дусенко, Тамара Муханова, Жәкен Дәненов, Әміржан Қазиев, Құсманбек Омарұлы, Любовь Радионова, Ғали Мырзашев, Батырхан Дәуренбеков, Керімбек Ниязбаев, Нуриддин Паттеев, Еркін Джексембаев, Сламбек Тәуекел және басқалар шақырылған. Оған қоса, Мойра Маргуин (Франция), Михаил Тумеля (Беларусь), Ола Чраповичка (Польша), Хабиб Бурхалифа (Алжир) секілді шетелдік анимация майталмандары да қолдауын білдіріп, лебізін жолдауда.

Кинофестивальдің әділқазылар алқасы құрамына анимациялық кино режиссері Жәкен Дәненов, драматург Роза Мұқанова, киносыншы Назира Мұқышева, продюсер, медиа менеджер Серік Аббас-Шах, анимациялық кино режиссері Адай Әбілда, медиа менеджер Мақпал Жұмабай, актер, режиссер Дәурен Серғазин сынды мамандар еніп отыр. Әмен Қайдаровтың жұбайы Валентина Константиновна фестиваль қатысушыларына сәт-сапар тілеген арнайы видеоқұттықтауын жолдады. Ол өз сөзінде «Жас дарындарға Әменнің жолын берсін» деген ақ тілегін жеткізді.

Ámen Animation film festival қоржынына 80-нен астам өтінім келіп түсіп, байқауға 51 жұмыс іріктеп алынды.

Шара аясында анимациялық киностудиялардың көрмесі өтеді. Оған «Dala animation», «САҚ» киностудиясы, «Ara studio», «Anyz film», «Rio animation», «Qazart», «Astana film», «Glen» анимациялық академиясы және «Qgoo» графикалық оқыту орталығы қатысады. Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясы мен Қазақ Ұлттық Өнер университеті студенттерінің графикалық-компьютерлік жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады. Шымкент қаласындағы А.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің ұстаздары мен студенттері де фестиваль жұмысына атсалысып отыр.

Фестиваль барысында белгілі бір тақырып бойынша Комикстер конкурсы өткізіледі. Оған алдын ала тіркеуден өткен үміткерлер қатысады.

Ámen Animation film festival төмендегі номинациялар бойынша жүлделер тағайындайды:

• «Үздік кәсіби анимациялық фильм»;

• «Үздік режиссерлік жұмыс»;

• «Үздік сценарий»;

• «Үздік қоюшы суретші»;

• «Үздік студенттік жұмыс»;

• «Үздік мультхикая»;

• «Әділқазылар жүлдесі»;

• «Көрермен көзайымы»;

• «Үздік комикс».

«Бұл фестиваль еліміздің анимациялық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатын мәнді қозғалыстың бірі болады. Біз аға буынның еңбегіне құрметпен қарайтын, жаңа буынның ізденісіне қолдау білдіретін қауымдастық құруды мақсат етеміз», - дейді кинофестивальдің ұйымдастырушысы Мақпал Жұмабай.

Соңғы жаңалықтар