Елордада ауладағы көлікті эвакуаторға тиеп, ұрлап кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан тұрғындарының бірі белгісіз біреулер «Хундай Акцент» маркалы көлігін ұрлап кеткендігін хабарлап, полицияға арызданған. Оның айтуынша, көлігі өзі үш күндік іссапарда жүрген кезде қолды болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көлік ұрлаған адамдар көпке ұзамапты. Олардың ізіне түскен полиция күдікті ретінде 34 және 29 жастағы екі жігітті ұстаған. Тергеу барысында анықталғанындай, күдіктілер аулада қар басып тұрған көлікті көріп, айдап әкетуге келіскен. Көліктің есігін ашу үшін хабарландыру арқылы «автомедвежатникке» жүгінген. Ұрылардың бірі келген маманды көліктің иесі екендігіне сендірген. Солай кілтін жасатып алған. Осылайша, кешке қарай эвакуатор алып келіп, машинаны алып кеткен.

«Эвакуаторды да күдіктілер хабарландыру сайты арқылы шақырған. Жүргізушісіне 10 мың теңге төлеп, көлікті күдіктілердің бірі тұрып жатқан үйдің ауласына жеткізген», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті Сарыарқа аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Темірбаев.

Ұсталған жігіттер кінәсін мойындап отыр. Екеуі де уақытша оқшаулағышқа қамалған. Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс толық дәлелденген жағдайда олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар