Елордада белгісіз біреу тұрғынның көлігінен 1 млн теңгені ұрлап кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық тұрғын 1 млн теңгеден астам ақшаны көлігіне қалдырып, өзі дүкенге кеткен. Сол сәтті пайдаланған ұры қаржыны қолды еткен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Алматы аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Марат Өмірбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы уақытта автокөлікте қалған құнды заттар мен қаржыны ұрлау көбейіп барады. Жыл басталғалы бері көлікті тонау бойынша 15 факт тіркелді. Оның төртеуі бойынша іс әлі ашылған жоқ. Биыл барлығы 598 ұрлық жасау фактісі тіркелді. Оның ішінде 84-і — қылмыстың ауыр түріне жатады, ал 505 факт орташа деңгейдегі қылмыс болып есептеледі», - деді Марат Өмірбаев елорданың полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елорданың Алматы ауданында халық арасында түсіндіру жұмыстары (1300-ден астам) жүргізілді.

«Криминалдық полицейлер мен учаскелік инспекторлар тұрғындармен кездесу өткізіп, ұрлық-қарлықтан сақ болу және ескерту шараларын түсіндіреді. Ұрлық жасау фактісі әртүрлі. Мысалы, қала тұрғыны көлігін қалдырып өзі дүкенге кеткен. Сол сәтте көлік ішіндегі 1 млн теңгеден астам қаржыны біреу жымқырып үлгерген. Бұл оқиға жыл басында болды. Осыған орай азаматтардан көлік ішінде бағалы заттар мен ірі көлемдегі қаржыны қараусыз қалдырмау керектігін ескертеміз. Сонымен қатар автокөлік есігінің жабылғанын мұқият тексерген жөн», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер ұрлық жасау мен тонау пәтер иелеріне де қатысты екенін еске салды.


Соңғы жаңалықтар