Елордада ер адам 10 жастағы қыз баланы пышақпен қорқытып, телефонын тартып алған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері екі тонау дерегіне қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Конституция көшесінде би үйірмесінен қайтып келе жатқан 10 жастағы екі қыз баланы мас күйде 27 жастағы елорда тұрғыны аңдыған. Көп ұзамай пышақпен қорқытып, ата-анасына хабарлаған жағдайда, тыныштық бермейтінін айтып, олардың біреуінің ұялы телефонын тартып алған. Сол күні кешке дәл осы көшеде спорт секциясынан үйіне қайтып келе жатқан 14 жастағы мектеп оқушысынан ұялы телефонын тартып алған» деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары болған жайды полицияға хабарлады.

Қылмыскерді іздеу үшін түр сипатына кескін жасалып, Полиция департаментінің жеке құрамына жолданды. Учаскелік полиция инспекторы, капитан Нұржан Мұстафаев күдіктінің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған өзінің әкімшілік учаскесіндегі тұрғындардың бірі екенін таныған. Күдікті тұрғылықты жерінде ұсталды. Қызметкерлер пәтерден пышақ, сондай-ақ, ұрланған телефондарды тапты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Оның бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ата-аналарға кешкі уақытта үйіне қайтатын кәмелетке толмаған балаларды бірге алып жүруге кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар