Елордада ерекше балалардың қолөнер туындылары қойылған көрме ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ерекше балалардың қолөнер шеберлігіне арналған көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордадағы Ұлттық музейде Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған «Көктем симфониясы» атты ұлттық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Көрменің мақсаты – жас ұрпаққа қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстыру, сол арқылы жас буынның шығармашылық қабілеттерін дамыту, қазақ халқының сәндік қолданбалы өнеріне деген қызығушылықтарын ояту.

«Бүгін бізде ерекше көрме өтіп жатыр. Симфония дегеніміз бүкіл дыбыстардың бірігуі. Осы тұрғыда біз ерекше әрі дарынды балалардың картина, қолөнер, өлең және тақпағы арқылы баршаға көктемнің шуағын таратқымыз келеді. Біз әрдайым ерекше балалардың бейнелеу және қолөнер бұйымдарын көпшілікке кеңінен насихаттау арқылы оларға қоғамдық қолдау көрсетуіміз керек», - деді ҚР Ұлттық музейінің кіші ғылыми қызметкері Зухра Баянова.

Көрмеге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты №1 арнайы мектеп-интернаты мен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының арнайы білім беруді қажет ететін балаларының, «Үнсіз әлем – Безмолвный мир» есту қабілеті төмен жандарды қолдау қоғамдық қорының қолдан жасалған ұлттық кәдесыйларды шығару шеберханасы жұмысшыларының қолынан шыққан ұлттық кәдесыйлар, моншақтан тігілген картиналар, кескіндемелік туындылар қойылды.

«Көрмеге қойылған туындылар ерекше махаббат, ізгі ниетпен жасалған. Және қолөнер бұйымдары мен суреттер адамды шығармашылыққа баулиды, сол сияқты көңіл көтеріледі», - деді ҚР Ұлттық музейі экскурсия бөлімінің жетекшісі Жанар Сағынбайқызы.


Соңғы жаңалықтар