Елордада карантин кезінде 154 адам тұрақты жұмысқа орналасқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Азаматтардың қауіпсіздігі үшін карантин кезеңінде елордалық жұмыспен қамту орталығының мемлекеттік қызметтері eGov.kz порталы, call-орталық, электронды пошта және ұялы байланыс арқылы онлайн режимде көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда билігі қала тұрғындарын жұмысқа орнатастыру бойынша кешенді шаралар қабылдады. Жұмыс іздеп жүрген азаматтар онлайн-кеңес ала алады. Сall-орталық нөмірлері орталықтың www.cz.astana.kz ресми сайтында қолжетімді.

Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар «жастар тәжірибесі», «әлеуметтік жұмыс орны», «қоғамдық жұмыстар» бағдарламаларына қатысуды ұсынады.

Сонымен қатар, жұмыс берушілер «Электронды еңбек биржасы» интернет-порталында, жеке кабинет арқылы бос жұмыс орындарына адам жинау және бос жұмыс орындарын толтыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Enbek.kz порталы үйден шықпай-ақ, онлайн режимде жұмыс іздеуге мүмкіндік береді. Ол үшін тіркеліп, өзіңіздің жеке кабинетіңізді ашып, түйіндемеңізді орналастыруыңыз керек.

ТЖ енгізілген сәттен бастап 335 азаматқа жұмысқа тұру бойынша көмек көрсетілді. Оның ішінде 154 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жастар тәжірибесінен өтуге 29 адам жіберілді (жыл басынан бері - 194), 143 адам «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасына қатысты (жыл басынан бері - 995), «Әлеуметтік жұмыс» орындарына 9 адам жұмысқа орналастырылды (жыл басынан бері - 61 адам).

2020 жылдың басынан жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант бөлу жөніндегі комиссия 59 грантты мақұлдап, оның 47-сі берілді.


Соңғы жаңалықтар