Елордада карантин кезінде полицияға қарсылық көрсеткен бірнеше адам ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада карантин кезінде полицияға қарсылық көрсеткен бірнеше адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 8 сәуір күні Жеңіс пен Мәскеу көшелерінің қиылысында орнатылған мобильді поста 50 жастағы жүргізушінің көлігі тоқтатылған. Жүргізуші құжаттарын тексеру барысында ұзақ уақыт алды деген желеумен патрульдік полицияға қарсылық көрсеткен. Мән-жайды анықтау үшін аталған азамат «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

«Сондай-ақ 4 сәуірде мас бұзақы полицияға қарсылық көрсетті. Кешкі уақытта автопатруль полицейлеріне «Полянка» саяжайында бір азаматқа шабуыл жасалғаны туралы хабарлама түсті. Полиция қызметкерлері зардап шегушімен бірге оқиға орнына барып, үй ауласында ішімдік ішкен бір топ адамға тап болды. Мән-жайды анықтау барысында 1990 жылы дүниеге келген азамат полиция талабына бағынбай барынша қарсылық танытты», - деді департаменттен.

Мұнан бөлек, 24 наурызда Жедел басқару орталығына Әлихан Бөкейхан көшесіндегі үйлердің біріндегі пәтерден айқай-шу шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері отбасылық жанжалдың үстінен түскен. 34 жастағы азамат полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай олармен ерегескен. Бұған қоса, мас бұзақы полицейдің бірінің қолын тістеп алған.

«Билік өкіліне бағынбаудың барлық фактілері бойынша ҚР ҚК 380-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған тұлғалар Полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерін балағаттау, бағынбау және оларға күш көрсету фактілері бойынша қылмыстық істердің тараптардың татуласуына байланысты қысқартылмайтындығын ескертеміз», - деп атап өтеді департамент баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар