Елордада «Қайырымды істер марафоны» басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында «Қайырымды істер марафоны» акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайырымды іс жасау, бір-біріне көмектесу - біздің жан дүниемізге тән қасиет. Қайырымды іс жасау марафоны арнайы түрде бүгін ашылып жатқанымен, бұл бағыттағы іс-шаралар бізде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Өздеріңіз білетіндей, жақсылық жасау, қол ұшын созу, игілікті істерді жүзеге асыру - «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты. Елордада волонтерлер мен меценаттардың ұйытқы болуымен жыл сайын көптеген қайырымдылық шаралары өтіп келеді. Бізде әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуде меценаттардың үлесі зор. Кейбір қол ұшын созушылар қанша жақсылық жасаса да, аты-жөнін атамауды сұрайды», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен аталған марафонның ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, өткен жылы «Біз біргеміз» акциясы аясында елордада 1 мыңнан астам отбасыға көмек көрсетілді.

«Биыл бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Осы орайда барлық азаматтарды қайырымдылық жасауға шақырамыз. Және жақсылық жасау қаржылай және зат түрінде көмектесумен шектелмейді. Республика көлемінде бастау алған қайырымды істер марафоны бас қаламызда өз деңгейінде өтеді деген үміттемін», - дейді ол.

Сондай-ақ, аталған шара аясында қайырымдылық істерге ұйытқы болған үкіметтік емес ұйым өкілдері марапатталып, оларға алғыс айтылды.

Айта кетсек, елорда аумағында «Қайырымды істер марафоны» акциясын ұйымдастырушы - қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі.

Ондағы мақсат – ел ішінде жомарттық және жақсылық жасау идеяларын насихаттау.


Соңғы жаңалықтар