Елордада қазақ баласының ғарышты бағындырғанына 30 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Ұлттық музейде адамзаттың ғарышты алғаш игеруіне 60 жыл және тұңғыш қазақ ғарышкерінің ғарышқа ұшуына 30 жыл толуына орай Аэроғарыш комитетімен бірлескен «Ғарыш қаһармандары» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 сәуірде адам баласының ғарышқа ұшқанына 60 жыл толады. Ал 2 қазанда Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 1991 жылы ғарышқа көтерілгеніне 30 жыл болмақ. Ұлттық музей осы даталарға арнап тағлымдық шара өткізді. Нақтырақ айтсақ, мектеп оқушылары «Ғарыш сапары» ұлттықк компаниясының мамандарымен дөңгелек үстел басында пікір алмасып, ғарыш әлемі туралы көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №67 және №86 мектеп-гимназияның оқушылары шара қонақтарының құрметіне ән орындап, өлең оқыды.

Шара аясында «Ғарыш ғаламаты» атты деректі фильмнен үзінді көрсетіліп, Ұлттық музей қорынан көрме ұйымдастырылды. Онда фотосуреттер, ғарышкерлердің тағамы, зымыран макеттері, әр түрлі ғарыш кемелерінің модельдері, В.Семенов пен Р.Абдразақовтың жеке коллекцияларынан тұңғыш ғарышкер Ю.А Гагаринге байланысты фотосуреттер, конверттер мен маркалар, кәдесыйлар, жазба кітапшалары қойылды.

Шара барысында «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ерғазы Нұрғалиев сөз алып, тәуелсіз Қазақстанның ғарыш жүйесі қалай құрылғанын, Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу жолындағы шешімтал қадамдар туралы кеңінен көсіліп әңгіме өрбітті.

«Ғарышқа алған адам ұшқан кезде мен бірінші сынып оқушысы едім. Сол күні мұғалім бәрімізді жинап алып, ғарышқа алғаш рет адам ұшқанын, соның құрметіне үйге ерте қайтууымызға болатынын айтқан. Менің бала жадымда 12 сәуір осындай қуанышпен есте қалыпты», - деп бастады әңгімесін.

Ғарыш саласының ардагері Байқоңырды кеңес одағы құлағаннан кейін қаңыратып қалдырмай, бүгінге дейін сақтау оңай болмағанын еске алды.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңырға жиі келетін. Тоқтар Әубәкіровті де алғаш ғарышқа шығарып салу үшін келгені есімде. Содан 3-4 өткенде Ресей мен Қазақстан арасында үлкен халықаралық келісім жасалды. Сол келісімнің арқасында Байқоңыр ғарыш кешені бүгінгі қалпында сақталып, дүниежүзінің ғарыш әлеміне қызмет көрсетіп тұр. Бүгін ғана астана уақытымен 13.42-де ғарышқа «СоюзМС-18» деген ғарыш кемесі ұшып шықты. Бортында екі ресейлік, бір америкалық косманавт бар. Міне сол кездегі қауырт еңбектің арқасында Байқоңыр ғарыш саласындағы өзінің орнын әлі сақтап тұр», - деді ұлттық компания өкілі.


Соңғы жаңалықтар