Елордада қоғамдық көлікке маскасыз мінген жолаушыларға айыппұл салу ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлікке маска таққай мінетін жолаушыларды жауапкершілікке тарту керектігі айтылды. Бұл туралы CTS (City Transportation Systems) ЖШС-нің басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданың автобус парктері санитарлық талаптарды жоспарға сай жүргізіп отыр. Автобуста маска тақпайтын жолаушылардың мәселесін заң аясында шешу керек деп ойлаймын. Шетел тәжірибесіне сүйеніп, маска тақпаған жолаушыларға айыппұл салу қажет», - деді Бекмырза Игенбердинов тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, автобус жүргізушісі мен бақылаушы маска тағу туралы жолаушыларға үнемі ескертіп отырады.

«Талап заңмен бекітілген кезде, маскасыз жолаушылардың саны азайып, мәселе оң шешімін табады деген ойдамыз», - дейді ол.

Бұған дейін CTS (City Transportation Systems) басшысы елорданың қоғамдық көліктерінде Ashyq жүйесі енгізіле ме деген сауалға қатысты пікір білдірді.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлік ақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілетіні хабарланды.

Одан бөлек, елордада қоғамдық көлік ақысын төлемей жүретін жолаушылардың үлесі туралы айтылды.


Соңғы жаңалықтар