Елордада көпбалалы отбасыға берілетін жалдамалы пәтерлерге құжат қабылдау басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге құжаттарды қабылдау, басталды деп хабарлайды ҚазАқпарат сілтеме zhilfond.kz/ жасап.

Нұр-Сұлтан қаласының «Тұрғын үй қоры» КММ сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге құжаттарды қабылдай бастады. Бұл бағдарламада «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар санаттағы тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар қатыса алады. Барлығы 251 пәтер, оның 184-і үш бөлмелі (65-85 ш.м.), 67-сі екі бөлмелі (60-70 ш.м.) Құжаттарды 1 желтоқсан мен 6 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ Р. Қошқарбаев даңғылындағы 39 үйде қабылдайды.

Мекеме құжаттарды 1-2 желтоқсанда сағат 10.00-дан 16.00-ге дейін, 3-6 желтоқсан сағат 8.30-дан 17.00-ге дейін қабылдайды. Үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін.

Тұрғын үйге үміткерлер келесі құжаттарды тапсыруы керек:

Өтініш; өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат; неке қию/некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы, балалардың туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы ХҚО-нан анықтама; өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығындағы үйінің немесе сатып алумен жалдамалы тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама; жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйдегі, жатақханадағы бөлмеде үлесі болған кезде) туралы анықтама, сондай-ақ аталған жағдайларда меншік құқығының туындауын растайтын құжаттар. Сонымен қатар, көпбалалы ана кітапшасы (егер бар болса көшірмесі) болуы тиіс.

Еске сала кетсек, таяуда қалада «Берекелі баспана» бағдарламасы бойынша баспана берілетін 419 адамның тізімі жарияланды.

Соңғы жаңалықтар