Елордада құрылыс құрылғыларын ұрлаумен айналысып келген азамат ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада құрылыс құрылғыларын ұрлаумен айналысып келген азамат ұсталды. 47 жастағы ер адамды полиция жедел-іздестіру шараларының барысында қолға түсірді.

Тергеу кезінде күдіктінің елордадағы құрылысы жүріп жатқан үйлердің біріне электр жүйесінің шебері болып жұмысқа орналасқаны мәлім болды. Ол құрылыста адамдардың жоқтығын пайдаланып, сол жерден төрт перфоратор, шегені бұрайтын аппарат, өндірістік миксер, «Опель Вектра» көлігінің қосалқы бөлшектері, тағы басқа құрал-саймандарды ұрлап әкеткен. Жалпы шығын 600 мыңға жуық теңгені құрап отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Күдіктіге қатысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша («Ұрлық») сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адамның бұған дейін елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті азаматтарды қырағы болып, бағалы заттарын қараусыз қалдырмауға шақырады.

«Осы ер адамның заңға қайшы әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Нұр-Сұлтан қаласының Бейбітшілік, 19 көшесі мекенжайында орналасқан Полиция департаментіне хабарласып, немесе 8 (7172) 71-60-69; 71-61-48, «102» нөмірлеріне телефон соғуын сұраймыз», делінген полиция таратқан ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар