Елордада масаға қарсы дезинсекция қалай жүргізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда шыбын-шіркей, маса және басқа да жәндіктерге қарсы дезинсекция екі ауысыммен жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Биыл дезинсекция жасалатын территория кеңейген. Мәселен, масадан тазартылатын аумақ – 20%, тазартылатын су қоймалары 25% ұлғайды. Бүгінге дейін масаға қарсы 230 млн шаршы метр аумақ залалсыздандырылды. Ауқымды жұмысқа энтомолог мамандар мен дезинсекторлар жұмылдырылды.


«Бір маса орта есеппен 300-400-ге дейін дернәсіл салады. Дезинсекция екі ауысыммен жүріп жатыр. Бірінші ауысым – сағат таңғы 05.00-ден 12.00-ге дейін, ал екінші ауысым – кешкі 20.00-ден түнгі 02.00-ге дейін. Біздің жұмысымыз масаны түбегейлі жоюды емес, санын азайтуды көздейді», – деді дезинсектор Еркебұлан Жалғас.


Атап өтілгендей, су айдындарын тазартуға ерекше мән беріледі. Сонымен бірге қала ішіндегі аулалар мен қоғамдық орындар (көшелер, саябақтар мен гүлзарлар) заласыздандырылады.

«Таяз су айдындарын өндеудің екінші кезеңін бастадық. Қазірдің өзінде 400 гектар тазартылды. Бұл масалардың дернәсіл түрінде су айдындарынан ұшып кетуіне жол бермеу үшін жасалады», – деді «Елордалық дезинфекция» ЖШС-нің Сарыарқа ауданы бойынша меңгерушісі Антонина Маслова.

Маса мен шіркейге қарсы күресте мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандары, сауда үйлері мен т.б. жерлерді дер кезінде дезинсекциялау маңызды. Жұмыс күн сайын жүруде.




Соңғы жаңалықтар