Елордада Орталық Азия елдерінің «С5+1» кездесуі өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері «С5+1» фрматында кездесу өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесудің күн тәртібіне «Экономикалық қауіпсіздік және әріптестік», «Ауғанстандағы бейбітшілік», «Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету» атты үш негізгі мәселе қаралмақ.

Бірінші болып сөз алған ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов АҚШ мемлекеттік департаменті хатшысының орынбасары Дэвид Хейлге бүгінгі шараға қатысқаны үшін алғыс білдірді.

«Осындағы Сыртқы істер министрлеріне де жиынға қатысқандары үшін алғыс айтамын. Кездесуге өздеріңіздің тікелей қатысуларыңыз талқыланатын мәселелердің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Құрметті министрлер, қымбатты достар, бауырлар, қауіпсіздік тақырыбына арналған аса жоғары деңгейдегі «С5+1» кездесуіне қош келдіңіздер. Нұр-Сұлтан қаласына келіп, өңірдегі ағымдық сын-тегеуріндер мен қатерлерді талқылауға қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Орталық Азия – бірегей мүмкіндіктер мен іске асырылмай жатқан орасан әлеуеттер аймағы. Бұл кеңістікте тұрақты әрі мызғымай дамуды қамтамасыз ету – біздің ортақ әрі қол жеткізуге болатын міндетіміз. Сондықтан да Қазақстан жаһандану дәуірінің алдында тұрған сын-тегеуріндер мен қатерлер жағдайында бірлескен тиімді әрекеттерді жолға қоюға талпынып келеді. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарабев Қазақстанның сыртқы саясатындағы Орталықазиялық вектордың іргелі бағытын қалады. Елбасы айтқандай, Қазақстан аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өңірдегі сын-тегеуріндер мен қатерлерге тиімді қарсы әрекет ету, әріптестікті нығайтып, оның артуына ықпал ету жолында барлық мемлекеттердің мүддесін алға жылжыту үшін жұмыс істейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік стратегиясының негізінде Елбасы бастаған бағыттың мызғымастығы мен сабақтастығы жатыр», - деді министр.


Ведомство басшысы Орталық Азия өңірі қайта жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті.

«Көршілерімізбен арадағы саяси, экономикалық және гуманитарлық серіктестіктің үдемелі дамуы бізді шабыттандырады. Шындығында, Орталық Азия қайта жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатыр. Соңғы жылдары Өзбекстанмен серіктестік елеулі деңгейде алға жылжыды. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы мемлекеттік сапарын 14-15 сәуірде Ташкентке жасады. 2020 жылға қарай екі арадағы тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына дейін арттырудың өршіл міндеті қарқынды іске асып жатыр. Қырғызстанмен серіктестік бекіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде Бішкекке мемлекеттік сапармен бармақшы. Тәжікстанмен де жемісті әріптестік орнатылған. Маусым айында Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммиті өтіп, ел басшылары табысты кездесу өткізді. Түрікменстанмен бірлескен әрекеттер жоспарлы түрде іске асып жатыр. ҚР Премьер-Министрі мамыр айындағы ТМД елдері Үкімет басшыларының кездесуі мен осы айда өткен Каспий экономикалық форумына қатысу үшін Түрікменстанға екі мәрте барды», - деген Бейбіт Атамқұлов, АҚШ-пен стратегиялық серіктестік жөніндегі диалогтың өңір қауіпсіздігінде үлкен мәнге ие екенін атады.


Сондай-ақ ҚР СІМ басшысы өзінің Вашингтонға сапарының нәтижесі туралы мәлім етті.

«Біз Құрама шататтармен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытуға баса мән береміз. Шілде айындағы Вашингтонға жасаған сапарымның сәтті болғанын атап өткім келеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Помпео мырзамен табысты келіссөз жүргізіп, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Болтон мырзамен арадағы серіктестікті одан әрі жалғастыру туралы келістік.


Өңірлік қауіпсіздікті екіжақты диалог пен халықаралық әріптестіксіз елестету мүмкін емес. Сондықтан, «С5+1» форматы – өңірдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды құрал болып табылады. АҚШ-тың Орталық Азиядағы өңірішілік байланыстарды, траснпорттық дәліздерді, өңір қауіпсіздігіне қатысты инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға бағытталған әріптестік стратегиясы өңірдегі елдердің мүддесіне толықтай сәйкес келеді», - деп түйіндеді министр.


Соңғы жаңалықтар