Елордада Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекелері қалай атап өтіледі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекелеріне орай бірқатар іс-шара өтеді. Мерекелік бағдарлама қаланың барлық аудандары мен елді мекендерінде, сондай-ақ ашық алаңдарда ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, мереке қарсаңында әскери оркестр соғыс ардагерлері үйлерінің аулаларына барып құттықтады.

Алдағы күндері белсенді жастар мен волонтерлер адам көп жиналатын орындарда «Жеңіс лентасы» мен естелік белгілер таратады.

6 мамыр күні сағат 17:00-де Отан қорғаушы күніне орай қалалық Амфитеатр сахнасында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі мен солистері концерттік бағдарлама ұсынады. Мерекеде қазақтың дәстүрлі және академиялық музыкасы шырқалады. Музыкалық құттықтауларды Қазақ оркестрі мен солистері − Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Сүндет Байғожин, Арайлым Рахымқызы, Естай Мұқашев, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Берік Омаров, Әйгерім Нартүйе орындайды. Кештің көркін «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері Абдурасул Есекеевтің жетекшілігіндегі «Шалқыма» халық би ансамблі қыздырады.

7 мамырда Demalys Promenade аумағында жалпы білім беретін мектеп оқушылары, орта арнайы және жоғары оқу орындарының студенттері арасында жеңіл атлетикалық эстафета өтеді. Қатысушылар 14 кезеңнен тұратын 5 335 м қашықтықты жүгіріп өтеді.

Бұл күні дәстүрлі түрде елорданың бес алаңында әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттер болады. Іс-шаралар Студенттер саябағында сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін, Жазушылар аллеясында сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін, Demalys Promenade аумағында сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін, «Бәйтерек» монументінің жанында сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін өтеді.

Сондай-ақ сағат 17:00-ден 18:30-ға дейін Амфитеатрда ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» концертін ұйымдастырады. Бағдарламада Орталық әскери оркестр мен ансамбльдің қойылымдары қойылады.

«Жастар» сарайы әлеуметтік желілердегі аккаунттарында мереке күндері – 8-10 мамырда «Батыр ерлігі» онлайн-жобасын өткізеді.

Ерлік сабағы 6 мамыр күні №4 балалар кітапханасында, 11 мамыр күні мерекеге орай №4 көпшілік кітапханада «Қармен жуылған қан» атты патриотизм сабағын ұйымдастырады.

АЛЖИР мемориалды-мұражай кешені 10 мамырда Жеңіс күніне арналған «Біз Жеңістің ұрпағымыз!» іс-шарасын өткізеді. Астаналық цирк айтулы даталарға орай көрермендер үшін арнайы бағдарлама дайындап отыр.

Қуыршақтар театры 6-9 мамыр аралығында «Солдатский котелок» ертегісін көрсетеді.

7 мамыр күні М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында күндіз С.Астраханцевтің «Братец Лис и братец Кролик» ертегісі, ал кешке – «Чем дальше мы уходим от войны...» музыкалық-поэтикалық композициясы көрсетіледі.

Сонымен қатар «Жастар» театрының репертуарында 6 мамырда «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық спектаклін, 7 мамырда «Жанарымдағы жалғыз әуен» қойылымын, 8 мамырда «Ғашықтар» драмасын көруге болады.

Nomad City Hall сахнасында 9 мамырда Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасы көрсетіледі.

Сонымен қатар Жеңіс күнін мерекелеу күндері соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, қоғамдық және жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен соғыс жылдары қайтыс болған жауынгерлердің рухына арнап «Отан Ана» монументіне және соғыс батырлары – Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлованың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою дәстүрлі шарасы өтеді.

Еске сала кетейік, Жеңіс күніне орай Нұр-Сұлтанда тұратын 18 майдангерге 1 миллион теңгеден берілетін болады.


Соңғы жаңалықтар