Елордада пенитенциарлық жүйені реформалау жайы талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кеше Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың төрағалығымен «Ашық диалог – пенитенциарлық жүйені реформалау құралы» форумының ұсынымдарын іске асыруға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дөңгелек үстелге ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, мүдделі мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, дипломатиялық миссиялар, шетелдік және отандық үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ведомствоаралық жұмыс тобы әзірлеген форумның ұсынымдарын іске асыру және қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі шараларды мақұлдады.

Жиында 200-ден астам ұсыныс қаралды, оның 54-і іске асыруға қабылданды.

Әзірленген тәсілдер мемлекеттік органдармен және сарапшылармен келісілген. Заңға тәуелді реттеуді талап ететін ұсыныстар бойынша ІІМ бұйрықтарының тиісті жобалары әзірленді.

Ұйымдастырушылық сипаттағы ұсыныстар бойынша нақты мерзімдермен іске асыру алгоритмі анықталды жәнеолардың орындалу сапасы мен уақтылығына бақылау белгіленген.

Заңнамалық сипаттағы ұсыныстар - қылмыстық, қылмыстық процестік және қылмыстық-атқару кодекстеріне өзара байланысты түзетулер кешені. Сондықтан олар Бас прокуратура жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының қарауына жіберілді.

Бағыты бойынша олар 4 топқа бөлінді:

Біріншіден, бұл сотталғандарды ұстаудың құқықтық жағдайы мен ұстау жағдайларын жақсартуға, жазаларды орындауды ізгілендіруге және азаматтық бақылауды күшейтуге қатысты.

Екіншіден, медициналық қызмет көрсетуді жақсарту.Қаралатын нұсқалардың бірі-ҚАЖ медициналық қызметін денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру.

Қазіргі уақытта Қарағанды және Алматы облыстарында пилоттық жоба жүргізілуде.

Үшіншіден, пенитенциарлық жүйені цифрландыру. Цифрландыру бағыттарының бірі - мекемелерді бейнебақылау камераларымен және ҚАЖ қызметкерлерін бейнетіркеуіштермен жарақтандыру.

Төртіншіден, өндірісті дамыту, сотталғандарды жұмысқа орналастыру және оларды қоғамда қайта әлеуметтендіру.

Ол үшін мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес-қоғамдастықтың күш-жігерін МЖӘ тетіктерін пайдалана отырып шоғырландыру қажет.

Көптеген ұсыныстар енгізілуде.

Алматы қаласы мен Ақмола облысында біз сотталушылардың тауарларды сатып алуы үшін электрондық дүкендер сервисінің пилоттық жобасын іске қостық.

Сотталғандарды жоғары оқу орындарында қашықтықтан оқыту және тағы басқалар енгізілуде.

Дөңгелек үстел барысында Е.Тұрғымбаев Алматы облысының Заречный кентіндегі ҚАЖ мекемесінде орын алған оқиғаларға баға беріп, осыған байланысты қабылданған жазаны орындау саласындағы проблемаларды жедел шешуге бағытталған қылмыстық, тәртіптік, сондай-ақ ұйымдастыру шаралары туралы хабардар етті.

Біріншіден, жақын арада сотталғандарға берілетін сәлемдемелердің жалпы салмағы 14-тен 20 кг-ға дейін артып, таксофондық аппараттардың жұмыс кестесі сағат 21.00-ге дейін (бұрын сағат 18.00-ге дейін болған) ұзартылады.

Екіншіден, дүкендерде тауарлар сатып алу кезінде сотталғандар үшін банк карточкаларын енгізу мәселесі пысықталуда.

Үшіншіден, арбадағы мүгедектерге және зағиптарға санитарлардың штаттық лауазымдарына тағайындалған сотталғандар бекітілген. Олар осы сотталғандардың жүріп-тұруына көмек көрсетеді.

Төртіншіден, ұзақ кездесуге келген туыстары үшін ЖИТС орталығынан анықтама алынып тасталды.

Жыл соңына дейін ҚАЖ-дың барлық мекемелерін ІІМ басшылығы инспекциялайтын болады.

Тамыз айында министрдің орынбасары А. Р. Заппаров Ақмола, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тексеру жүргізді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша пенитенциарлық жүйені жаңғырту жөніндегі мақұлданған ұсыныстар осындай алаңдарда аралық және соңғы нәтижелерді қарастыра отырып, ашық іске асырылатыны туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар