Елордада Президент кубогы үшін теннистен халықаралық турнирлер өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 17-24 шілде аралығында «Президент кубогы – 2022» аясында Ұлттық теннис орталығының жазғы корттарында ATP Challenger Tour және ITF Women's World Tennis Tour сериясы бойынша халықаралық турнирлер өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, биылғы додада ел намысын ұлттық және жастар құрамасының оннан астам мүшелері қорғайды.

Олардың арасында Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Бейбіт Жукаев, Денис Евсеев, Григорий Ломакин, Максим Батютенко, Гөзал Айнитдинова, Жібек Құламбаева, Аружан Сағындықова, Сандуғаш Кенжебаева және басқалар бар.

Бұл жарыстардың мәртебесі қашанда жоғары болып келді. Мысалы, кезінде мұнда әлемде үздіктер қатарына енетін Даниил Медведев (ATP №1), Андрей Рублев (ATP №8), Карен Хачанов (ATP №22), Миомир Кецманович (ATP № 30), Себастьян Корда (ATP № 46), Макс Перселл сияқты теннисшілер өнер көрсетті.

Президент кубогы көптеген ойыншылардың жолын ашты.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнир 2007 жылы халықаралық мәртебеге ие болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шыққанын , қазақстандық теннисшінің жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Уимблдон жасөспірімдер турнирінде тағы бір қазақстандық теннисші өнер көрсетеді.


Фото: ktf.kz




Соңғы жаңалықтар