Елордада реанимацияға вакцина алмағандар түсіп жатыр – денсаулық сақтау басқармасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жансақтау бөліміне КВИ-ға қарсы вакцина алмаған пациенттер түсіп жатыр. Стационарға жеткізілгеннен кейін олардың жағдайы екі-үш күнде өте нашарлап кетеді. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Біздегі реанимациялық төсектер 84%-ға толды. Коронавирус инфекциясына қарсы екпе алмаған, ауыр күйде жатқан 248 пациент бар. Оның ішінде 77 адам өте ауыр халде жатыр. Науқастардың басы-қасында жүргендіктен бұл көрсеткіш қатты алаңдатып отыр. Біз өткен жылғы ең ауыр күйге жетейін деп қалдық», - дейді басқарма басшысы.

Тимур Мұратовтың айтуынша ауыр күйде жатқандар арасында қарт кісілер ғана емес 35 жастағы науқастар да бар.

«Вирус жаңа штамдарға мутацияланып отырады, олар жастар арасында жиі тіркелуде. Қазір жастар да, тіпті балалар да инфекцияның ауыр күйіне ұшырай бастады. Екі-үш күн ішінде пациенттердің денсаулығы нашарлағаны соншалық жасанды тыныс алу аппаратынсыз өмір сүре алмайтын күйге жетеді. Реанимациядағы барлық пациенттің мұндай жағдайға түсуінің себебі – вакцинацияланбаудан. Бірақ олар мұны кеш түсінді», - деп атап өтті Т. Мұратов.

Тимур Мұратов қала тұрғындарын уақытында вакцинациядан өтуге, осы арқылы өздерін инфекция жұқтырудан қорғауға шақырды.

«Құрметті азаматтар! Ойланып және күтіп отыратын уақыт жоқ! Қазір вакцинация алу өте маңызды, әйтпесе кеш болуы мүмкін. Бізге, яғни дәрігерлерге, КВИ-ге байланысты қайтыс болғандар статистикасын жариялау, туыстарына жақыны келмеске кеткенін айту оңай емес. Өткен жылы біз пандемияны жеңудің барлық жолын іздеген едік, ал қазір қолымызда бар, ол – вакцинация. Осы арқылы ғана біз аурудың қиын кезеңінен шыға аламыз», - деп қорытындылады қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.


Соңғы жаңалықтар