Елордада рейд кезінде тәртіп бұзған екі мекеме анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада полиция қызметкерлері, әкімдік және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдерінен құрылған топ карантин режимін бұзушыларды анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда. Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осылайша, Пушкин көшесінде орналасқан «ZARA» түнгі клубы тыйым салынғанына қарамастан сағат түнгі 00:41-де келушілерді қабылдап жатты. Тексеріс кезінде мұнда жиналған 100-ден астам клиенттің әлеуметтік қашықтық туралы ұмытып, би алаңында билеп, демалып жүргені анықталды.

Сонымен бірге, сағат 01:00-де жастар көңіл көтеріп жүрген тағы бір мекеме анықталған. 150-ге жуық келуші түнгі уақытта «Текила» барында алаңсыз уақыт өткізді. Мекеме қызметінің бұған дейін бір айлық мерзімге тоқтатылғанына қарамастан, бұл бар келушілерді қабылдауын тоқтатпаған.

Мекеме иелеріне қатысты жиналған материал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік өндірісті қозғау үшін өкілетті органға жіберілді.

Жыл басынан бері карантин режимінің шектеу шаралары кезінде мобильдік топтар 540 рейдтік іс-шараны өткізіп, соның барысында 300-ден астам бұзушылықты анықтады.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті кәсіпкерлерді карантин шараларын бұзғаны үшін артылатын жауапкершілік турлы ескертіп, санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар