Елордада суға түсетін орындар саны артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Келесі жылы елорда аумағында суға түсуге арналған орындардың саны артпақ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада шомылу маусымы басталғалы 660-тан астам рейд ұйымдастырылып, халық арасында түсіндіру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, 12 800-ден астам жадынама таратылды. Бүгінде бас қалада жалпы саны 1 514 құтқарушы бар, оның ішінде 80-і судан құтқарушы маман, бұл Нұр-Сұлтан қаласы үшін жеткілікті. Себебі адамның суға кету қауіпсіздігін қамтамасыз ету ол құтқарушы санын арттырумен ғана шешілмейді. Бұл жерде маманнан бөлек халық арасында түсіндіру жұмысына аса мән берген жөн. Ал жеке меншік суға шомылу жағажайлары қауіпсіздік үшін өздері жауапты», -деді Б. Сыздықов.

Оның айтуынша, қалада 20-дан астам суға түсу орны бар.

«Елорда аумағында 23 суға түсу орны бар, оның 3-нің ғана арнайы рұқсаты бар, қалған 20-на тыйым салынған. Осы 20 тыйым салынған су түсу орнынан 7-ін пилоттық жоба ретінде қолға алып, онда адамдардың шомылу мүмкіндігін қарастырудамыз. Егер қауіпсіздік толық сақталса келесі жылы суға түсу орындары арта түседі деген сөз. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің басты міндет. Осы орайда құтқарушы мамандар еңбегінің нәтижесінде, адамдардың суға кетіп өлу жағдайы 28%-ға азайды. Яғни жаз бойы Нұр-Сұлтан қаласында 5 суға кету жағдайы тіркелді, барлығыда ересектер. Ал балалар арасында бірде -бір суға кету жағдайы тіркелген жоқ», - дейді ол.

ТЖД басшысының мәлімдеуінше, адамдардың суға кету жағдайының үш негізгі салдары бар. Ол рұқсат етілмеген жерде шомылу, мас күйінде суға түсу және балалар мен жасөспірімдерді қараусыз қалдыру.

«Биыл ортақ суды пайдалану қағидаларын бұзу әрекеті былтырға қарағанда 3 есеге көбейіп отыр. Осы орайда биыл 114 адамға әкімшілік шара қолданылды. Тағы бір айтып өтетін мәселе, егер су жағалауында қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз десек, ол жерде құтқарушы маманнан бөлек, тәртіп сақшысы және міндетті түрде дәрігердің болуы қажет», - деді департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар