Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету фактісі 1,5 есе азайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында отбасында шу шығарып, күш көрсетушілердің саны кеміген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Арман Айтмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздегі статистикаға сәйкес соңғы жылдары отбасында зорлық-зомбылық көрсету жағдайы 1,5 есе азайған. Отбасылық кикілжіңнің дені ішімдіктің салдарынан болып жатады. Жәбір көрушілердің 54 пайызы әйелдер. Отбасында жиі кикілжің шығарып, күш көрсететін жандармен жұмыс істеудің өзіндік әдіс-тәсілі бар. Біздің мамандар оларды жұмыс барысында қолданып жатыр. Жыл басынан бері тұрмыстық кикілжің тудырып, жеке бас құқығын елемеген 1600 бұзақы әкімшілік жазаға тартылды», - деді Арман Айтмағамбетов полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Полиция департаменті берген дерекке сәйкес 2021 жылы елордада 62 отбасылық зорлық-зомбылық жасау фактісі тіркелген.

«Сонымен қатар 3716 отбасында бүлік шығаратын бұзақыдан қорғау жазбасы алынды. 141 азаматқа ішімдік ішуге заңмен тыйым салынды. Біз бұл бағытта үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Одан бөлек, бүгінде елордадағы дағдарыс орталығында 13 әйел мен 38 бала бар», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай отбасында зорлық-зомбылық көріп жүрген жандар полицияға арнайы құпия сөз арқылы басында болған жағдай туралы айта алады. Құпия сөзді полиция инспекторларынан сұрау керек.


Соңғы жаңалықтар