Елордада «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форум басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі жиынды Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс» деген сөзімен бастағым келіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» дей келе, мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін қадап айтты.

Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын тұрақты ұйымдастырып келеді», - деді жиынды ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.

Оның айтуынша, былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен алғашқы форумға барлық облыстан қазақ тілін жатық білетін, күнделікті тұрмыста қолданып, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жүзден астам делегация келген.

« 130-дан астам ұлт жастарының арасында қазақ тілін жетік меңгергендердің көптігіне көз жеткіздік.

Тіл форумы соңынан «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челленджі басталып, Алматы қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында жалғасын тауып, эпидемия жағдайында қалған аймақтарда онлайн форматта жүзеге асты», - дейді ол.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Абай мерейтойы аясында бірқатар шаралар ұйымдастырып, оған этнос өкілдері жаппай үлес қосқан болатын.

»Өткен жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Президент қолдаған ақын өлеңдерін оқу челленджіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан жүзден астам ұлт өкілдері қатысып, қолдау білдірген еді. Биылғы Абай күні және ақын мерейтойына орай Ассамблея республикалық деңгейде онлайн поэзия фестивалін ұйымдастырды. Нәтижесінде 1000-ға жуық этнос өкілі қатысып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқап, өз Отанының нағыз патриоттары екенін дәлелдеп шықты.

«Әлемді аялаған сөз» деген атпен түрлі этнос өкілдерінің Абай шығармашылығына арналған мақалалар топтамасы жарық көрді.

Бүгінгі кездесуге Нұр-Сұлтан қаласымен іргелес жатқан облыстардан мемлекеттік тілді еркін меңгерген 8 этнос өкілі қатысып отыр. Олардың арасында орыс, армян, украин, молдаван, шешен ұлтының жастары бар. Әңгіме желісі тек қана мемлекеттік тілде өрбиді.

Осы орайда 130 дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жоғарыда жүктелген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді мақсат етіп отыр», - дейді Жансейіт Түймебаев.

Ол ертең Алматы қаласында форумда көтеріліп жүрген тіл проблемаларының маңыздылығы мен ауқымын ескере келе, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» І республикалық тіл конгресін өтетінін айтты. Онда оңтүстік аймақтарда тұратын онға жуық этнос жастары жиналмақ.

Ал бүгінгі форум барысында негізгі екі мәселені көтерілмек.

Бірінші, 30 жылда тіл үйренуге не кедергі?

Екінші, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолдары қандай?

«Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кез келген мемлекеттің өзегі – оның бірегей мемлекеттік тілі. Бүгін мен қазақ тілін меңгеріп, оқып жүргендерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Өз балаларын Отанының мемлекеттік тілінде оқытып, қазақ тілін білуі үшін балабақшаларға беріп жатқан ата-аналарға да алғысым шексіз. Бұл біздің бірегей азаматтығымызды білдіреді» деген болатын.

Осы орайда мен де өз атымнан мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгерген сіздерге және жалпы елдегі азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», - деп атап өтті Жансейіт Түймебаев .

Айта кетсек, алқалы жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, тіл жанашырлары, ҚХА мүшелері мен жастар ұйымдары қатысуда.

Іс-шара барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйрену тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салады.


Соңғы жаңалықтар