Елордада үздік әлеуметтік жоба авторлары марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» VII республикалық конкурсының қорытындысы шықты, деп хабарлайлы ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл конкурсқа қатысуға 224 өтінім келіп түсті, оның ішінде өңірлік кезең барысында 57 жоба таңдап алынды.

«Иппотерапия бойынша жоба ерекше қажеттіліктері бар баланың дене белсенділігін дамытуға бағытталған. Екі жыл ішінде 80-ге жуық адам атқа міну арқылы ақысыз оңалту қызметтерін алды. Осының нәтижесінде мүгедектігі бар балалардағы вестибулярлы және тірек-қимыл аппараты мен барлық бұлшықет топтарының функциялары жақсарып, вегетативті жүйке жүйесіне оң әсерін тигізді», - дейді «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» конкурсының жеңімпазы, Алматы облысының «Адаптивті атқа міну» жобасының үйлестірушісі Қуаныш Нұрмахамбет.

Ләззат Қалтаеваның «Мүгедектігі бар қыздарға арналған жеке өмір мектебі» мен Раиса Сыпабекованың «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы жобалары екінші орынға ие болды. Үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан Сәлімхан Сәбитовтың «Тең жол» және Қостанай облысынан Айсұлу Жұмабаеваның «Мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға көмек көрсету» жобалары иеленді.

«Сіздер өз жобаларыңызды дайындай және іске асыра отырып, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге үлкен үлес қосып келесіздер. Финалға шыққан жобалардың әрқайсысы бүкіл республика бойынша енгізуге лайықты деп сеніммен айта аламын»,- дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Жүлделі орындарға ие болған конкурс жеңімпаздары: 1 орын – 1,5 млн теңге, 2 орын – 1 млн теңге, 3 орын – 500 мың теңгеге ақшалай сертификаттармен, дипломдармен марапатталды. Барлық финалистерге алғыс хаттар мен сыйлық сертификаттары табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар