Елордада заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін дрон мен мобильді робот қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада заңсыз қоқыс орындарын анықтау және тәртіпті сақтамаушылармен күрес үшін мобильді робот пен дронды қолданатын пилоттық жоба іске асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

2021 жылдың қазан айынан бастап елорданың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Qmobot» ЖШС мамандары жасаған мобильді роботтарды қолдана отырып, заңсыз құрылыс және қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындарды және өзге де экологиялық талаптарды сақтамау фактілерін мониторингілеу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосты.

«Технология екі «ақылды» бейне жазғыштан тұрады, олар полигон мен іргелес жүріс бөлігінде кез-келген қозғалысты тіркейді.

Егер тәртіп бұзушы, мысалы, жүк көлігі табылса, жүйе мемлекеттік нөмірді, уақытты және орналасқан жерді белгілейді. Роботтың аналитикалық модулі құқық бұзушылық туралы суреттер және мәліметтермен есеп жасайды. Қазіргі уақытта осы жұмысқа 10 мобильді робот пен 2 дрон қолданылды», делінген хабарламада.

Басқарманың мәлімдеуінше, экологиялық құқық бұзушылықты, жаңа полигондардың санитарлық жағдайын және олардан табылған тәртіп бұзушыларды дронның және өзге де бейне-фототехниканың көмегімен тіркеу бойынша белсенді жұмысты мобильді топтар жүзеге асырады.

«Жұмыс барысында бұрын белгісіз болған қоқыс орындары, қарды полигон аумағынан басқа жерлерге рұқсатсыз төгу және қалалық нөсер коммуникацияларына тазартылмаған шаруашылық-тұрмыстық суды ағызу учаскелері анықталды.

Осы жылдың қазан-қараша айларында жоба шеңберінде 58 құқық бұзушылық тіркелді, заңсыз қоқыс төгуге қатысты 13 жағдайдың алдын алды, барлық материалдар кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жолданған», делінген хабарламада.

Жасалған құқық бұзушылықтарды талдау нәтижесі орсындай оқиға «Есіл» ауданында көп тіркелген - 30 факт. Олардың көбі рұқсатсыз қар және қоқыс төгуге қатысты.

Жіберілген материалдарға сәйкес жауапкершілікке тартылған тұлғалардың айыппұлдарының жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асты.

Мониторинг жүйесінің мәліметтері ахуалдық орталықта сарапталады. Орталық бақылау топтарының, алаңдағы роботтардың жұмысын және олардың өзара әрекеттесуін бақылау үшін сервермен және жұмыс машиналарымен жабдықталған. Роботтар бейнені орталықтың серверіне жібереді, онда нейрондық желі оны талдайды және көлік анықталған кезде есеп беру үшін деректерді сақтайды. Ахуалдық орталықтың операторы мобильдік топтар мен роботтардан фото-бейнематериалдарды алып, кейіннен есеп дайындайды. Серверінде құқық бұзушылық туралы деректер және роботтар мен дрондардан алынған бейнелер сақталады.

Бұдан басқа, бұзушының ТҚҚ тиеу нүктесінен түсіру орнына дейінгі нақты қозғалыс бағытын жедел белгілеу үшін жоба мамандары «Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығымен» белсенді түрде ынтымақтастық жасайды, оның құрамына IKomek бірыңғай байланыс орталығы, «Сергек» бейнебақылау жүйесі кіреді.

Болашақта басқарма осы жобаны одан әрі іске асыруды жоспарлап отыр, бұл экологиялық бұзушылықтардың алдын алуға және елорда халқының жалпы эко-мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар