Елордада жарықтың сөнуі: Апаттық бригадаға сыйақы беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында электр қуатын қалпына келтірген апаттық бригада жұмысшыларына сыйақы беріледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала әкімі тез арада комиссия құрды. Ол нысандарға екі сағат сайын барып, барлығынан хабардар болып отырды. Бүгінгі таңда 1,5 тәулік бойы жұмыс істеген 16 адамға сыйақы беру туралы тапсырма берілді. Түнде -18 градус болғанын жақсы білесіздер. Олар осыған қарамастан, тынбай жұмыс істеді», - деді Ернат Бәзіл елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов те Instagram-парақшасында жұмыскерлерге алғысын білдірді. «Электр желілерін қалпына келтірген АРЭК қызметкерлеріне алғыс айтамын!», - деп жазды ол.

Еске сала кетсек, 10 қарашада түнгі сағат екіде «Левобережная» 110/10 кВ шағын станциясының 10 кВ кабель каналында өрт шығып, кабель линиясы зақымданды. Салдарынан бірқатар көшедегі абоненттер электр жарығынан ажыратыла бастады. Бұлар - Қонаев, Сығанақ, Түркістан, Алматы және Достық көшелеріндегі барлығы 25 нысан мен 7 тұрғын үй кешені. Олардың арасында Ақорда, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Министрліктер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы сот, Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұрағат ғимараттары, «Бәйтерек» монументі бар. 11 қараша, таңертеңгі сағат 07.00-де энергия жартылай беріле бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған апатқа байланысты Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды.

Бүгін түс ауа Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың төрағалық етуімен төтенше жағдайдың себептерін анықтау жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, оның алдын ала себебі аталды.

Соңғы жаңалықтар