Елордада жасөспірімдер арасындағы қылмыс 12,2 пайызға төмендеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп аумақтарын тексеріп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, елордалық полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінің аумақтарын, оларға іргелес жерлерді қас қарайған уақыттағы жарықтандырылуын, кәріз құдығы қақпақтарының ашық қалмауын, сыртқы бақылау камераласының болуын, сонымен қатар мектептердің күзет қызметінің біліктілігі мен білім ордасы төңірегіндегі жол қауіпсіздігі шараларының қабылдануын тексерді. Нәтижесінде 35 білім беру ұйымында сыртқы бақылау камерасының толыққанды жұмыс істемейтіндігі, ал 38-інде бақылау жүйесінің орнатылмағандығы анықталған. Бұған қоса, білім беру ұйымдары жеке қызмет ұйымдарының қызметтеріне дербес жүгініп отыр. Ал бұл көрсетілетін қызметтердің сапасына кері әсерін тигізуде.

«Видео камераларға қатысты айтар болсақ, ең бірінші кезекте бізге статистикаға қатысты мән-жайды анықтап алуымыз керек. Білім беру басқармасына мектеп директорларымен, жергілікі полиция өкілдерімен және iKӨMEK 109 байланыс орталығымен бірге бұл мәселеге тыңғылықты қарап, Нұр-Сұлтан қаласының барлық мектебін тексеріп шығуды тапсырамын. Мұны аумақтық жауапкершілігі бар аудандық инспекторлармен бірге жүзеге асыру қажет. Қандай камералар шынайы істеп тұрғандығын білуге тиіспіз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Осыған орай елордада балалар қауіпсіздігінің айлығы өткізілмек.

«Мектептерде видео бақылау жүйесін жетілдіру, бақылау жүйесін орнату қажет. Бұл жұмыстарға тек лицензиясы бар ұйымдарды тартқан жөн. Полиция мен оқу орындары арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін табысты шешуге мүмкіндік береді. Қабылданған алдын алу шаралары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты төмендетуге септігін тигізіп отыр. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде биыл кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 12.2 пайызға төмендеді», - деді елордалық полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов.

Соңғы жаңалықтар