Елордада жастар тәжірибесіне қатысушылардың жалақысы қаншалықты өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директорының орынбасары Талғат Есімов Мемлекет басшысының 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында берген тапсырмасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент сөз сөйлеуінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша назар аударды. Ол жалақыны арттыру, жастар тәжірибесі мерзімін ұзарту, халықтың табысын көтеру және басқа да көптеген жайтқа қатысты болды», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне.

Осы ретте спикер елімізде жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне арналған жастар тәжірибесі бағдарламасы жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

«Аталған бағдарлама бойынша бүгінгі жалақы 25 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 10 АЕК мөлшерінде тең қаржыландыру бар. Қазіргі уақытта бағдарлама аясындағы жалақы – 107 мың теңге, тәжірибе мерзімі – 6 ай. Президент тапсырмасына сәйкес, жастар тәжірибесі бойынша жалақы 10 АЕК-ке арттырылып, мерзімі 12 айға дейін ұзартылды. Яғни, ендігі уақытта жалақы 40 АЕК-ті немесе 120 мың теңгеден астамды құрайтын болады», - деді директор орынбасары.

Сонымен қатар Талғат Есімов бұл іс-шаралардың дер уақытында қабылданғанын әрі қажетті екендігін баса айтты.

«Бұл іс-шаралар дер уақытында қолға алынды. Егер бұл бағдарлама аясында жастарға жалақы көтерілетін болса, онда олар Жұмыспен қамту орталығына жүгініп, ресми табыс табады әрі тәжірибе жинақтайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар