Елордада жеке тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігі тексерілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде жылу беру маусымы жақындап келеді. Осы орайда елордада от жағу маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің дайындық барысы туралы ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтан сұрап білген болатын.

«Жылу беру, от жағу маусымы таяп келеді. Бұл жердегі біздің басты міндет өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы орайда қалалық төтенше жағдайлар қызметі өз міндетін атқаруға кірісіп те кетті. Қалада 15 тамыз бен 15 қыркүйек айы аралығында жеке тұрғын үйлерді аралап, алдын ала түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Шара басталғалы 5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, тіркелді. Бұл бірінші кезең, өрт жағдайының алдын алу шарасының екінші кезеңі жылу беру маусымы басталған сәттен оның соңына дейін жалғасады»- деді Б. Сыздықов.

ТЖД басшысының сөзіне сенсек, өрт жағдайы көбінесе жеке тұрғын үй секторларында орын алады.

«Тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын өткізудің маңызы зор. Себебі өткен жылы біздің мамандар осындай шара барысында 18 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады. Анықталған заңбұзушылықтың 70% халыққа түсіндіру және көмектесу жұмыстары арқылы уақытылы жойылды. Одан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған 1200-ден астам адамның үйіне улы газ датчигі орнатылды. Дәл осы датчиктердің арқасында 2 бірдей отбасы өрт қаупінен аман қалды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Ол үшін бүгінде әрбір аудандық әкімдіктермен тиісті шараларды қолға алып жатырмыз», - деді ол.

Сондай-ақ, департамент басшысы жеке тұрғын үйлерден өрт қауіпсіздігін бұзған заңбұзушылық анықталған жағдайда, оның иелеріне айыппұл салынбайтынын, яғни түсіндіру жұмысымен ғана шектелетінін тілге тиек етті.

Айта кетсек, бұған дейін Бауыржан Сыздықов елордада суға түсуге арналған орындардың көбейетіні туралы мәлім еткен болатын.



Соңғы жаңалықтар