Елордада жыл соңында газ беріле бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы жанында «Сарыарқа» магистральды газ құбырын салу бойынша құбырларды дәнекерлеудің соңғы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы негізінде, елордаға газ жеткізу мақсатында, былтырғы жылдың желтоқсан айында «Сарыарқа» магистральды газ құбырын салу басталды. Ал дәнекерлеу жұмыстары үстіміздегі жылдың наурыз айында қолға алынып, бүгін міне 1061 шақырымдық газ құбырының жұмысы өз мәресіне жетті. Енді уақытта техникалық жұмыстары қалды, ол қараша айында аяқталып, желтоқсанда газ беріле бастайды. Одан әрі қала әкімдігі тиісті органдармен біріге отырып елорданы толық газбен қамтуға мүмкіндігі бар. Бұл елімізде жүзеге асырылған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып табылады. Бұл жобаның мақсаты – елордамен қатар, оған жақын облыстар мен елді мекендерді газбен қамтамасыз ету», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Оның мәлімдеуінше, аталған газ құбыры Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Нұр-Сұлтан маршруты бойынша тартылған.

«Магистральды салуға 2 мыңнан астам адам атсалысты. Бұл ретте, барлық құрылыс жұмыстары еңбекті қорғау талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізілді. Бүгінгі таңда, кестеге сәйкес, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау мен Нұр-Сұлтан қалаларында газ өлшеу станциясы мен 5 газ тарату станциясын салу жұмыстары жүргізілуде»,- деді ол.

Сондай-ақ, А. Есімов еліміздің басқа да өңірлерінде газдандыру процесінің одан әрі кезең-кезеңмен және жоспарлы түрде дамыту көзделгенін айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар