Елордадағы әкімшілік соттың судьялары үш есе артық жұмыс істеуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы бір судья жылына 2800-ге дейін істі қарап, шешім шығарады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Уәлихан Рахматуллаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 12 айында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының өндірісіне 36 736 әкімшілік іс келіп түсті. Оның 34 591-і өзінің негізі бойынша қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Ал жалпы 2018 жылы біздің сотқа 33 317 іс түскен еді. Яғни, 2019 жылы әкімшілік соттың жүктемесі 3,5 мың іске көбейіп отыр. Сонымен қатар, әкімшілік сотқа мемлекеттік өкілетті органдардың шығарған қаулыларын және олардың іс-әрекетіне шағымдануына байланысты 1 417 іс келіп түскен. Бұл арыз-шағымдар толық қаралып, тиісті шешімдерін тапты», - деді Уәлихан Рахматуллаев қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта өткен баспасөз мәслихатында.

Сот төрағасы әкімшілік соттың жүктемесі ауыр екенін айтады. Оның келтірген мәліметіне сенсек, 2019 жылы бір айда әрбір судья шамамен 240-250 іс қараған.

«Бір жылдың ішінде орта есеппен алғанда бір судьяның жүктемесі 2700-2800 іс болып отыр. Негізгі нормативке байланысты әрбір судья айына 80 іс қарауы керек. Яғни, біздің судьялар нормативтен әлдеқайда көп көрсеткішпен жұмыс істеп отырғанын айта кеткім келеді. Сонымен қатар 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының құрамы көбейіп, сот құрамы екі судьяға көбейтілді. Бұрын әкімшілік соттың құрамында 14 судья қызмет етуде», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар